Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Сұлулық туралы түсінік те «пышаққа» түсті ме? Әдемі кім?

AstanaTV
03.02.2018ж. 20:00
7551
Сұлулық туралы түсінік те «пышаққа» түсті ме? Әдемі кім?

Fashion Spot халықаралық форумының дерегінше, «Көктем - 2018» маусымы сән индустриясындағы «жасы келгендер» маусымы болды. Нью-Йорк, Милан, Париж және Лондондағы сән апталықтарына жасы 50-ден асқан 27 модель қатысқан. Атақты өнертапқыш, кәсіпкер Илон Масктың анасы модель Мейе Маск мысалы, 69-да. Мейе өзінің карьерасының өсуін ақ шашын боямағанымен түсіндіреді. Оның «Инстаграмдағы» жазылушылары «мен енді 70 жасымнан шошымаймын», «әйел кез-келген жаста сұлу бола алатынын дәлелдеп жүргеніңіз үшін көп рақмет!» деген жазба қалдырады. Соңғы уақытта елімізде сырт келбетке мән беру тенденциясы байқалады. Дұрыс-ақ. Бірақ оның біртүрлі күлкілі тұсы да бар. «Щетка кірпіктерді»  былай қойғанда, пластикалық операция, гиалуронды қышқыл уколдарының бет-әлпетті адам танымастай өзертіп, табиғилықтан ада қылатыны да бар. Мұрын мен ерін қасындағы «қыржымды» жөндейтін 60-70 мың теңгелік бір укол жарты жылға «жетеді», сонда бір жылға 140 мың теңге кетеді екен. Әрине, бұл әркімнің өз шаруасы. Дегенмен сұлулық туралы ұғым да жасанды болып бара жатқандай. Тақырыпты Диана Сапарқызы жалғастырады.

Бақытгүл Омарова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Қазіргі жастардың барлығы еріндерін бүйтіп шүртитіп алады. Құлақтарын істеді, мұрындарын істеді, кеуделерін істеді.Соның барлығының не керегі бар?! Табиғаттың берген сұлулығына не жетсін! Мына біздің жастарымыздағы беттерін тартып, соның бәрі ертең келешекте зиян ғой. Ертеңгі күнін ойлану керек қой. Бір айлық, бір жылдық сұлулықтың не керегі бар?

Диана Сапарқызы, тілші:

Иә, қазіргі жастардың бұл әрекетін тренд дейміз бе, еліктеу дейміз бе?! Жасанды қас пен кірпік түк болмай қалды. Анджелина Джолидей ерінім болса, Ким Кардашьяндай дене бітімім болса деп армандап, сол армандарын пышақ астына түсіп орындап жатқан жайлары бар, бүгін. Сұлулық - құрбандықты қажет етеді дегенді тура мағынасында түсінетін болдық. Құрбаны болып, өкініп қалғандар да бар.

Ота жасау "еріккенің ермегі емес" дейді кәсіби мамандарАлайда пластикалық хирургияға 20-дан 30 жасқа дейінгілердің баруы артқан. Сол отаға қыруар ақша шығару бір бөлек, өмірін нар тәуекелге салып жатқандарын жасырмайды, хирург дәрігер. Маманның  мәліметінше, операция жасатқысы келетін әрбір үшінші бойжеткен бейнелеп айтқанда, көздерін "ұлғайтуға" келеді. Яғни қазіргі трендпен айтқанда, "еуропалық көз жасауға".

Игорь Кугай, пластикалық хирург:

Әр адам шешімді өзі қабылдайды. Мен оларға ешнәрсе айта алмаймын. Бірақ жасалатын әрбір ота ол - тәуекел. Адам нар тәуекелге барады. Егер ешқандай қажеттілік болмаса, оны жасау керек пе?! Біз тек адамның қалауымен жасаймыз. Асқыну деген хирургиялық оталардың барлығында бар. Сондықтан кез-келген отаның қаупі болуы мүмкін деп ескертеміз. Бұның барлығы келісім шартта көрсетіледі. Көп адамдар платикалық отаны ойыншық санайды. Олай емес, сондықтан келер кезде әбден ойланып, таразылап, шешім қабылдау қажет. 

Ал бұл «жасанды сұлулықтың» құны қанша? Біз барлық клиникаларға хабарласып, бағаларын білдік.  Жасы келген әйелдердің мұңы, ол - әжім. Оны тартып тастау  350 мыңнан басталады екен. Мұрнына көңілі толмайтындарға оны түзетіп, қыр мұрынға алмастыру 350 мың мен 600 мың теңгенің арасы. Айта кету керек, ең ауыр да, қауіпті ота дәл осы мұрынға жасайтын ота.  Ерінді ұлғайту 65 мыңнан 80 мыңға дейін барады. Ал кеудені қажет көлемге дейін үлкейту үшін 850 мыңнан 2 млн теңгеге дейін шығындалады. Ал іштегі майды алып тастап, қыпша белге жету үшін 550 мың теңге көлемінде төлейді.  

Психолог мамандар 18 бен 30 жас аралығындағы қыздардың операцияға құмарлығының себебін  былай деп түсіндіреді.

Татьяна Грищенко, психолог:

Жасы келген әйелдер уақыт келе келбетіне қарап, жас кезіндегі көріктерін қайтарғысы келеді. Сондықтан олар пластикалық оталарға жүгінеді. Ал, жастардың пластикалық процедураларға жүгінетіні, олардың өздерін мүлдем бағаламайтыны. Өзіне деген бағаның төмендігінен олар қандай да бір деңгейге көтерілгілері келеді.  Оның бір жолы - пластикалық ота деп ойлайды. Бірақ операциядан кейін өздеріне көңілі толып кететініне кепіл жоқ. Әдетте жасанды сұлулыққа жүгінетін жастарды  мектеп кезінде біреу кемсіткен, кекеткен.

Оқырмандарға белгілі журналист-шолушы Анар Төлеухан, бар бәле тамырдан кеткендіктен деп біледі.

Анар Төлеухан, журналист-шолушы:

Жасанды ерін, әлгі жасанды дегендер қайдан шығады десеңіздер ол деген тамырдан кеткендіктің белгісі. Мысалға қазір арабтардың, түрік сұлтандарының кәнизактарының биі біздің сахнаға да келді. Біздің той-томалақта үлкен ата-әжелеріміз отыратын той-томалаққа да келді. Сонда жаңағы мықының билетіп, кәнизактың биін билегенде үлкен-үлкен ел ағалары қыздардың төсіне, ішқырына ақша қыстырып жатады. Осындай бір ұятсыздықтардың адам өзі жасап тұрып, екіншіден сен ұятсыз жасама деуге моральдік құқығы болмайды. Сондықтан жалпы бұл жерде қоғам дұрысталу керек. Ал мен әркім өз жасына лайықты әдемілігі болғанын, қарияның қария күйінде, бойжеткенін бойжеткен күйінде, жас келіншектің жас келіншек күйінде бір өзіне лайықты әдемілігін, бірақ оның ұятсыздыққа баруын қарамаймын. Әдемі болсын. Қыздар боянсын. Қыздар әдемі киінсін.Қыздар әдемі тағымдар тақсын. Ол көз қуандырады. Ал бірақ, онын да шегі бар. Әрі қарай ұятсыздыққа қарай бір-екі адым аттап кетсе, оның  көркі де жойылады, оның құрметі де азаяды.

Дәмегүл Баялиева, филология ғылымдарының кандидаты:

Мен әжемнің қолында өстім. Ол кісі еңбекқор, ақжарқын, бес уақыт намазын қаза қылмаған кісі етін. Сол кісінің тәрбиесін алдым.

Дегенмен бірде-бір операция жасамай-ақ ажарын сақтап қалған апайлар аз емес.  Жетпістің ауылына жақындап қалған Дәмегүл апай әдемілігін әлі күнге дейін жоғалтпаған. Оның ең басты құпиясы - жан сұлулығында. Әркімнің өзінше әдемі болуы – ішкі дүниесінде екенін айтады.

Дәмегүл Баялиева, филология ғылымдарының кандидаты:

 Адам Алла тағала өзінің пешенесіне беретін сұлулықпен дүниеге келеді. Енді әрлеу оны әдемілеу әркімнің өзінің ішкі дүниесіне байланысты. Бірақ кейде шектен шығып жатамыз. Қазір Еуропаға еліктейміз деп шыныда ернімізді дүрдитіп, бетімсізді бұлтитып сөйтіп жатқан жағдайымыз бар. Мен оны онша қолдай қоймаймын. Оның бәрі денсаулыққа әсерсіз болуы мүмкін емес. Денсаулыққа кері әсері болуы әбден мүмкін. Жан сұлулығы мен сыртқы сұлулық астас болуы керек. Біздің қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы соның бәрінде өзіміздің өмір сүру тарихымыздың ережесінің барлығы жазылып тұр. Туғаннан бастап шілдеханадан бастап, о дүниеден өткенге дейінгі өзіміздің салт-дәстүрімізде үлкен мәдениеттің үлгісі жатыр. Жолдасыммен отасқанымызға 45 жыл болады. Жарқылдап жүргеніміз сол кісінің де арқасы.

54 жастағы алматылық кәсіпкер Ерлан Нүрпейісов, сымбаттылықтың сырын жарының махаббатымен байланыстырады. 

Ерлан Нүрпейісов,  Алматы қаласының тұрғыны:

Әртістер пластикалық поцедураларға жүгініп жатады. Әрине, олар ел алдында болғандықтан, эстетикалық тұрғыдан әдемі болу қажет. Оларды түсінуге болады. Маған бір ұнамайтыны кейбір адамдар тым шектен шығып кетіп жатады. Барлық дүние орнымен болуы қажет.Өзінің жасына сәйкес болу керек. Адамның жасы көрініп тұру керек. Әр жастың өз әдемілігі мен ерекшелігі бар. Дегенмен егер мен аурушаң болсам, жарымды, балаларымды қалай бақытты қыламын? Сондықтан күтініп, спортпен айналысу керек. Өз басым отбасылық бақыт, жарыңның махабатына бөленіп жүру деп білемін.

Диана Сапарқызы, тілші:

Әр кезеңнің өз сұлулығы бар. Самайдағы ақ шаш. Көз айналасындағы әжімдер ол да бір шарм. Николь Кидман 45 жасында Swisse, Хелен Миррен 69 жасында  L’Oreal Paris косметикалық брендтерін жарнамалаған. Бұл әйелдер жас көрінуге тырыспайды. Сұлулығының сыры да сонда болар, өз жастарынан ләззат алып, сенімділігін жоғалтқан емес. Әр кезеңде тартымды көрінудің құпиясы - өзіңе деген сенімділікті жоғалтпауда...

Диана Сапарқызы «Біздің уақыт».