Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Оралда жол апатынан екі адам опат болып, 15 адам жараланды

AstanaTV
02.02.2018ж. 20:00
2670
Оралда жол апатынан екі адам опат болып, 15 адам жараланды

Оралда ірі жол апаты болды. Жолаушылар автобусы мен жүк көлігі соқтығысуы салдарынан екі адам көз жұмған. Тағы 15 жолаушы жарақат алды. Олардың үшеуі - бала. Бір жеткіншектің бұғанасы сынған. Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Апаттың себебі анықталып жатыр. Ал жергілікті әкімдік апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін жеткізді.

Жұмабек Мұхатов, көлік жүргізушісі:

Есімді жидым да, балам қайда екен деп, шапқылап балама келсем, оның өзі отырған жерінде қыстырылып қалған екен.

Автобус жүргізушісі Жұмабек Мұхатов әлі ес жия алар емес. Көліктер соқтығысқан кезде  алдыңғы терезесінен ұшып кеткен. Ал кондуктор болып көмектесіп жүрген ұлы салонда қысылып қалады.

Тап алдыма келгенде 2-3 метр қалды. Маған ана жерде ешқандай шанс жоқ, тоқтап та қала алмайсың. Салдыр ете түскенін білем, болды. Тек «сақтаныңдар!» деп айқайлап үлгірдім.

Автобустағы тағы бір жолаушы сол жерде жан тапсырыпты. Жараланған 15 адамның үшеуі - бала. Бірінің бұғанасы сынған, беті жыртылған. Қазір екі адам ауруханада жатыр.

Қанат Төсекбаев, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Барлық науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, стабильді, бақылауға алынды. Сонымен қатар сапалы медициналық көмек көрсету үшін қажетті қан мен дәрі-дәрмек, қажетті мамандардың бәрі бар.

Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полиция кімнің кінәлі екендігін анықтауға кіріскен.

Ибрагим Жүсіпқалиев, БҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы:

Қазіргі таңда ҚР ҚК 345-баптың 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Полицейлердің дерегінше, былтыр Оралда 262 жол апаты тіркеліпті. Онда 33 адам көз жұмған. Ал жыл басынан бері тас жолдағы 8 апат болып, 3 адамның өмірін жалмапты.

Еркін КАРИН