Ал
Таразда шағын автобус жүргізушілері шу шығарды. Бүгін қос бағыт бойынша
қатынайтын бірнеше көлік рейске шықпай
қалған. Салдарынан, аялдамада сағаттап тұрған адамдар діттеген жеріне жете алмай
қиналды. Жүргізушілердің жанжалына күнделікті жоспар көлемінің көбеюі себеп
болған. Данияр Әлімқұл толықтырады.
30-дан астам автобус таң атқалы автопарктің алдында қаңтарылып тұр. Қоғамдық
көліктер бүгін бағытқа шықпады. Автопаркке өткізетін күндік табыс жоспары 17
мың теңге болатын. Басшылық оны 19 мыңға
көтерген. Жоспарды орындамағандарға күніне 2 мың теңгеден қарыз жазған.
Күнделікті
34-35 мыңнан қалғаны біздікі, қалса. Қалмаса, қарыз боп қаламыз. Оны мойынға
іліп жатыр. Қаңтардан бері күніге екі мың теңге. Есептей бер. Түнде жүретін
№3-ті 3 мың теңгеден есептеп жатыр.
3-4 мың теңге қалады. Мың
теңге анаған берем. Мың теңгеге не алам мен? Кредитімді төлеймін ба, әлде
бала-шағаға нан-пан аламын ба?
Ашуға булыққан жүргізушілер автопарк алдындағы өзге автобустардың да жолын жабуға тырысты.
Айнұр Валиева, "Сапар Транс" ЖШС құрылтайшысы:
Сен білмейсің, запчастың қаншаға қымбаттағанын. 12 мыңның баллоны 36 мың теңге болды. Мен оларды сендерге қалай беремін. Білесіз бе, сіздерде қанша қарыз? Миллиондаған қарыз. Планды дұрыс тапсырмайсыңдар. Машинаның бәрі кредитке келген, әлі жабылған жоқ.
Серіктестік басшылығы табыс жоспарын бастапқыда 19 мың теңге деп бекіткенімен, қыс мезгілінде тұрғындар көп отырмайтындығын ескеріліп, 17 мың теңгеге төмендетіпті. Алайда, қыс аяқталмай жатып қайта көтерген. Жүргізушілердің жоспары мен қарыз көлемі қанша екенін айтпады. Журналистерді де жолатқысы жоқ.
Ал, жергілікті билік автопарктегі бір бағытқа қатынайтын 16 автобустың 13-і ғана бағытқа шықпай қалды деп отыр.
Ғабит Алтаев, қалалық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сектор меңгерушісі:
1 бағыт қана, 32-ші бағыттың автобустары-ақ. Жалғыз солар-ақ. Алдағы уақытта алаңдауға еш негіз жоқ. Біз айыппұл сала алмаймыз. Біз өзіміздің тарапымыздан, заң аясында оларға ескерту хаттар бердік, қайталанған жағдайда басқаша қатаң жаза қолданатынымыз туралы.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Айта кетейік қала бойынша бір күнде 40 бағыт бойынша 468 қоғамдық көлік жолаушыларға қызмет етеді. Соның дауға қалған серіктестікке 70 автобусымен 4 бағытта тұрғындарды тасымалдап келеді. Ал, автопарк алдында айқай шығарғандарды тәртіп сақшылары алып кетті. Жүргізушілер алда жоспар көлемі төмендемесе, жұмысқа шығуды біржолата қоямыз деп отыр.
Данияр
ӘЛІМҚҰЛ