Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Астанада 4 қабатты үйдің тұрғындары ПИК қызметіне наразы

AstanaTV
02.02.2018ж. 20:00
2973
Астанада 4 қабатты үйдің тұрғындары ПИК қызметіне наразы

Астанада көп қабатты үй тұрғындары пәтер иелері коперативінің қызметіне наразы. Олар "біз  төлеп отырған ақшаға сай жұмыс атқармайды" деп ашынады. Төрт қабатты үйдің құбырлары да әбден ескіргендіктен, тұрғындар ауыз сусыз қалған. Қыстың аязында тіршілік нәрінен ажыраған астаналықтардың мұң-мұқтажын тілшіміз тыңдап қайтқан еді.

Мына төрт қабатты үйдің салынғанына 60 жылдың жүзі болған. Мұндағы тұрғындар әсіресе кіреберістегі жағдай көңіл көншітпейтінін айтып отыр. Электр құрылғылар ашық-шашық тұр. Ал подьезді жағымсыз иіс жайлапты. Соңғы 4-5 күнде тіпті құбырдан суық су да ақпай қалған. 

Сәуле Қырымбаева, тұрғын:

Бұл жерде ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Біз өз қалтамыздан ақша шығарып жеңіл жөндеу жасаймыз. Бірақ ол ұзаққа бармайды. Ай сайын пәтер иелері коперативіне ақша төлейміз.1500 теңгені не үшін беріп отырмыз? Подъездің іші толған тышқан мен егеуқұйрық.

Назым Шаушекова, тұрғын:

Осы жерде алты жылдай тұрамыз. Расында, подвал масқара, сасық. Шыға алмаймыз. Судан жуынып жатқанда тоқ соғады. Ремонт жоқ.

Ал пәтер иелері коперативі төрағасының уәжі басқа. Ол тұрғын үйдің тым ескі екендігін алға тартады. Әдеттегідей бар мәселені қаражатқа тіреп, тұрғындардың жөндеу жұмыстарына ақша жинамайтынын айтуда.

Базаргүл Смағұлова, «Диалог» ПИК төрағасы:

Суық судың жоқтығынан, бұл үйдің құбырларының тозып, тот басқаны себеп болып отыр. Оны ауыстыру үшін тұрғындар ақша жинауы қажет. Үйдің астында дәмхана орналасқан, оларда да су жоқ. 10 мың теңгеден жинауды ұсынып отыр. Тұрғындар ондай қаржы беруге келісер емес.

Бұл үйдегі адамдар әкімдікке де хабарласқан. Алайда, шенеуніктер кооператив иелері мен тұрғындардың өзіне сілтепті. Заң бойынша көп қабатты тұрғын үйдің мәселелеріне тек тұрғындардың өзі жауапты екенін алға тартқан.