$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Сауд Арабиясы Иранға жасырын соққы жасаған

13.05.2026ж. 12:23
Сауд Арабиясы Иранға жасырын соққы жасаған
Фото: Reuters

Сауд Арабиясы Таяу Шығыстағы соғыс аясында Иран аумағына бірнеше құпия әскери соққы жасаған. Бұл туралы мәселе жайлы хабардар екі батыс шенеунігі мен екі ирандық шенеунік мәлімдеді.

Бұған дейін Эр-Риядтың Иран территориясына тікелей әскери шабуыл жасағаны туралы ақпарат жарияланбаған. Сарапшылар мұны Сауд Арабиясының аймақтағы басты қарсыласына қарсы бұрынғыдан да батыл қадамға барғанының белгісі деп бағалап отыр.

Батыс шенеуніктерінің айтуынша, Сауд Арабиясының әскери-әуе күштері жүзеге асырған шабуылдар наурыз айының соңында жасалған. Олардың бірі бұл әрекетті «Сауд Арабиясына жасалған соққыға жауап ретінде жасалған қарымта шабуыл» деп сипаттаған.

Reuters агенттігі шабуыл нақты қандай нысандарға бағытталғанын растай алмаған.

Сауд Арабиясы сыртқы істер министрлігінің жоғары лауазымды өкілі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме беруден бас тартып, Иранға соққы жасалған-жасалмағанын тікелей растаған жоқ.

Ал Иран сыртқы істер министрлігі Reuters-тің сауалына жауап бермеген.

Сауд Арабиясы ұзақ уақыт бойы қауіпсіздік мәселесінде АҚШ әскери күштеріне арқа сүйеп келді. Алайда он аптаға созылған аймақтық соғыс корольдіктің америкалық қорғаныс жүйесін айналып өткен шабуылдарға осал екенін көрсетті.

Сарапшылардың пікірінше, Саудияның Иранға қарсы шабуылы қақтығыстың ауқымы кеңейгенін аңғартады. Соғыс 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әуе соққыларынан кейін басталған еді.

Мәліметке сәйкес, АҚШ пен Израиль шабуылынан кейін Иран Парсы шығанағындағы ынтымақтастық кеңесіне мүше алты мемлекетке зымыран және дрон шабуылдарын жасаған.

Шабуылдар тек АҚШ әскери базаларына ғана емес, азаматтық нысандарға, әуежайларға және мұнай инфрақұрылымына да бағытталғаны айтылады. Сонымен қатар Иран Ормуз бұғазын жауып, әлемдік саудаға кедергі келтірген.

Ақпаратқа қарағанда, Біріккен Араб Әмірліктері де Иранға әскери соққы жасаған.

Reuters мәліметінше, Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің әрекеттері Таяу Шығыстағы қақтығыстың шынайы ауқымы бұған дейін көпшілікке толық ашылмағанын көрсетеді. Иран шабуылдарынан зардап шеккен Парсы шығанағындағы монархиялар енді қарсы әрекетке көшкен.

Дегенмен Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің ұстанымы бірдей емес. БАӘ Иранға қатысты қатаңырақ саясат ұстанып, Тегеранға қысымды күшейтуге тырысып отыр. Ал Сауд Арабиясы керісінше, жағдайдың ушықпауына мүдделі екенін көрсетіп отыр.

Эр-Рияд Иранмен тұрақты байланысын сақтап қалған. Соның ішінде Тегеранның Сауд Арабиясындағы елшісі арқылы да келіссөздер жүргізіліп жатқаны айтылды.

Сауд Арабиясы сыртқы істер министрлігінің өкілі Иранмен деэскалация жөнінде келісім бар-жоғына нақты жауап бермеген. Бірақ ол Саудияның ұстанымы өзгермегенін айтып, «Сауд Арабиясы аймақтағы тұрақтылық, қауіпсіздік және халықтардың әл-ауқаты үшін шиеленісті төмендету, сабыр сақтау және деэскалация саясатын қолдайды» деген мәлімдеме жасаған.