Павлодар облысында кәмелетке толмаған екі баласына бірнеше жыл бойы материалдық көмек көрсетуден жалтарып келген 46 жастағы ер адам ұсталды. Оның алимент бойынша берешегі 7 млн 600 мың теңгеге жеткен.
Павлодар облысы ПД көші-қон қызметінің бастығы Қанат Сартовтың айтуынша, жиналған қомақты қарыз бойынша тергеу амалдарын бастауға негіз болған.
«Алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды іздестіру облыстық полиция департаментінің ерекше бақылауында. Жыл басынан бері өз балаларына алимент төлеуден жалтарған 75 азамат анықталып, жауапкершілікке тартылды. Ата-аналық міндеттерді орындамау қатаң құқықтық салдарға әкелетінін ескерген жөн. Мұндай жағдайда әкімшілік жауапкершілік ретінде айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе әкімшілік қамауға алу шаралары қарастырылған. Ал алимент төлеуден қасақана және жүйелі түрде жалтарғандарға екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген», – деді ол.
Полиция қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарды заңнан жасырынбауға шақырады. Мұндай жағдайда төлем көлемін заң аясында реттеу үшін сотқа немесе сот орындаушыларына дер кезінде жүгінген дұрыс. Бұл істің қылмыстық жауапкершілікке дейін ушығуына жол бермейді.