Астанада синтетикалық есірткі таратумен айналысты деген күдікпен елорда тұрғыны ұсталды. Полицейлер арнайы операция барысында жас жігітті көлігінің маңында қолға түсірген.
Тергеу мәліметінше, күдіктінің интернет арқылы жұмыс істейтін есірткі желісіне қатысы болған. Ол «есірткі жасырушы» әрі «қойма» қызметін атқарып, синтетикалық есірткіні қала аумағына жасырып кетумен айналысқан.
Белгілі болғандай, ұсталғанға дейін ол үш бірдей жасырын орын дайындап үлгерген. Күдікті көрсеткен мекенжайларға барған полицейлер ұнтақ тәрізді, өзіне тән иісі бар альфа-PVP есірткісі салынған орамаларды тәркілеген. Оның жеке басын тінту кезінде тағы үш бірдей түйіншек табылған.
Кейін тәртіп сақшылары күдіктінің үйіне тінту жүргізген. Тергеу дерегіне сәйкес, пәтер есірткіні сақтап, бөлшектеп орауға қойма ретінде «жұмыс істеген». Қонақ бөлмедегі үстел үстінен таратуға дайын тұрған орамалар мен бөлуге арналған заттар анықталған.
Полиция барлық айғақты тәркілеп, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оның заңсыз есірткі айналымына қатысы болуы мүмкін өзге адамдар анықталып жатыр.