Алматыдағы ауруханалардың бірінде жүкті әйел көз жұмды. Бірақ, медициналық ұйым басшылығы ол туралы тиісті орындарға хабарламаған. Сол үшін емдеу мекемесіне айыппұл салынды,-деп хабарлады қалалық Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті. Ал Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қайғылы жағдай мереке күні болғандықтан ақпарат келесі күні жолданды деп отыр. Оқиғаны жасырды немесе ақпарат берілмеді деген тарап жатқан мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдеді. Өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша анықталады.
ЖАДЫРА АХМЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
7 мамыр Қазақстан Республикасында ресми мереке және демалыс күні болғандықтан, құжаттарды ресми электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жолдау қолданыстағы заңнамаға сәйкес тек жұмыс күндері мен жұмыс уақытында жүзеге асырылады. Осыған байланысты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментіне алғашқы ақпарат жедел түрде WhatsApp мессенджері арқылы жіберілген. Хат алмасудың растайтын скриншоттары бар.