$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстанда телефон алаяқтарына қарсы жаңа шектеулер енгізіледі

Қазақстанда телефон алаяқтарына қарсы жаңа шектеулер енгізіледі

Қазақстанда SIM-карталар енді бақылаусыз сатылмайды, ал мемлекеттік сайттарға кіру үшін теңгеріміңізде ақша болуы міндетті емес. Мәжіліс байланыс нарығын реттейтін ауқымды заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат телефон алаяқтығымен күресті күшейтіп, Starlink секілді спутниктік жүйелерді заң аясына кіргізбек.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Осы уақытқа дейін кез келген базардан немесе дүкеннен бейтаныс біреудің атына тіркелген SIM-картаны оңай сатып алуға болатын. Алаяқтар осы саңылауды пайдаланып, қазақстандық нөмірлермен сенімімізге кірді. Енді бұл «көлеңкелі нарыққа» тосқауыл қойылмақ. Әр адамға тиесілі нөмір саны шектеліп, биометриялық тексеру міндеттеледі. Яғни, сіздің нөміріңіз - сіздің цифрлық қолтаңбаңыз.

Соңғы үш жылда телекоммуникация саласына 1 триллион теңгеден астам инвестиция құйылған. Жауапты ведомствоның ақпаратынша,  интернет жылдамдығы 75 пайыз жақсарған. Бірақ, ұялы байланыс операторларының тарифтері қалта көтермейді. Депутаттар бағаға мемлекеттік бақылауды күшейту керек дейді. 

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл енді сұмдық жағдай ғой. Мен бұл мәселені әрдайым көтеріп келемін. Бірақ қазір сіздер бұл жекеменшік, жеке бизнес деп, оларды тексере алмаймыз дейсіздер. Егер біз Кәсіпкерлік кодекске кірмейміз десеңіздер, байланыс операторлары тарифтерін өздері белгілей алады, бірақ ол тарифтер сіздердің ведомство тарапынан тексерілуі керек. Мемлекет мұны бақылауы тиіс.

Енді ұялы телефондарды верификациялау мемлекет бақылауына өтеді. Бұрын бұл қызметті шетелдік компания атқарса, енді Мемлекеттік радиожиілік қызметі қолға алады. Ал әлеуметтік жағынан ең маңызды өзгеріс - eGov пен e-Otinish секілді сервистердің тарифсіз болуы. Балансыңыз таусылып, интернет пакетіңіз бітсе де, мемлекеттік қызметтер сіз үшін әрқашан қолжетімді.

ӘБУТӘЛІП МҮТӘЛІ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

ЕGov, Айту, e-Otinish мобильді қосымшаларына интернет, балансыңызда 0 болса да қолжетімділік қарастырылған. Ендігі мәселе осы заңмен, заң жобасымен реттеліп отырған ол интернет операторларын лицензиялау енгізіледі, және алаяқтықтың алдын алу мақсатында осы заңды тұлғаларға олардың нөмірлерін таңбалау енгізіліп отыр.

Илон Масктың Starlink жүйесі де енді заң аясында жұмыс істейді. Осыған дейін ауыл мектептеріне қойылған бұл интернет шетелдік желі ретінде саналатын. Енді ол Қазақстанның ішкі инфрақұрылымы арқылы өтеді. Бұл - қауіпсіздік үшін қажет. Себебі, балалардың шетелдік жат контентке кіруіне тосқауыл қойылып, отандық ресурстардың жылдамдығы артады.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Спутниктік интернет арқылы ел аумағы толық қамтылады. Биыл спутниктік интернетті пойыздар мен ұшақтарға енгізу жоспарланған. Өңірде алғаш рет Direct-to-Cell технологиясы қолданылуда. Ол азаматтарға Қазақстанның кез келген жерінен ұялы телефон арқылы интернетке қосылуға мүмкіндік береді.

Заң жобасының тағы бір стратегиялық бағыты - деректерді қорғау. Деректерді өңдеу орталықтары стратегиялық нысандар тізіміне енеді. Билік деректі жаңа мұнай деп бағалап, Қазақстанды Еуразиядағы ірі AI-хабқа айналдыруды көздеп отыр. Өңірлерде қуаты 1 гигаваттық дата-орталықтар салынады.

РУСЛАН ҚОЖАСБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Деректерді өңдеу орталықтарының инфрақұрылымын дамытуды ынталандыру, телекоммуникация саласында жаңа технологияларды дамыту, туристік инфрақұрылымдық байланысты жақсарту, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарындағы коммуникациялардың қауіпсіздігі мен қолжетімділігін арттыру көрсетілген.

Бұл заң жобасы интернеттің сапасын ертең-ақ керемет қылып жібермесі анық. Бірақ бұл ретсіз жатқан телеком нарығын жүйелеуге бағытталған үлкен қадам. Енді операторлар өз есептерін ашық жариялап, тариф бағасын негізсіз көтермеуі тиіс. Ал қарапайым халық үшін басты көрсеткіш - бағаның тұрақтылығы мен байланыстың үзілмеуі.