Ақтөбедегі «Оңтүстік-Батыс» ауданының тұрғындары жолға зәру. Жол жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталғанымен, аяқсыз қалған. Тұрғындардың айтуынша, осы уақыт аралығында бірнеше мердігер ауысыпты. Көшелер әлі күнге дейін адам жүргісіз. Әсіресе, жауын-шашыннан кейін қозғалу қиын.
«Оңтүстік-Батыс» ауданындағы көшелер тұрғындар үшін нағыз сынақ болып тұр. Жаңбыр жауса, батпаққа батып, жұрт толарсақтан саз кешеді. Тіпті көлікпен өтудің өзі мұң.
ҚҰРМАНҒАЛИ МҰЗБАЕВ, ТҰРҒЫН:
Тас-талқан қып бордюрды салады, бордюрды алып тастайды. Көшені қырады, қайта салады. Келесі жылы қармен бірге ол еріп кетеді, қайта салады.
ОЛЕСЯ ӨТЕГЕНОВА, ТҰРҒЫН:
Балалар мектепке барғанша балшыққа батып жетеді. Емханаға бару да, үйге жету де қиын. Біздің топырақ сазды болғандықтан өте тайғақ. Жақында жаңбыр кезінде өзім бірнеше рет құлап қалдым.
Жол мәселесі жырға айналғанын айтады жұрт. Бірнеше жыл бұрын бұл көшелерде жөндеу жұмыстары басталған. Алғашында тұрғындар техника мен жұмысшыларды көріп қуаныпты. Алайда қуаныш ұзаққа созылмаған. Бірнеше мердігер ауысқан. Ал салынған жолдың сапасы сын көтермейді.
ӘДІЛБЕК АХМЕТ, ҚАЛАЛЫҚ ТКШ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Жарықтандыру жүйелері, кабельдерін қазып, сол жұмыстарына төленді тек. Ауа райының қолайлылығына, күндерді пайдалана отырып, тамыз айына дейін аяқтау жоспарлануда.
Жол жөндеу жұмыстары бұл ауданда екі жыл бұрын басталған. Жобаның жалпы құны- 7,7 млрд теңге. Алайда бұл соманың тек 1 млрды ғана игеріліпті. Барлығы 22 көше қамтылуы тиіс. Қазір 7 көше ғана дайын. Оның өзінде кемшілік көп. Шенеуніктің сөзінше, жаңа асфальт аудан көшелерінде жаз соңына қарай төселуі мүмкін. Алайда тұрғындар бұл уәдеге күмәнмен қарайды. Олар тегіс әрі жүруге қолайлы жолды өз көзімізбен көргенде ғана сенеміз дейді.