Астанадағы LRT іске қосылған алғашқы күннен-ақ жолаушылар саны бойынша рекорд орнатты. Бұл туралы City Transportation Systems басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, тұрғындардың жаңа көлік түріне деген қызығушылығы күткеннен әлдеқайда жоғары болған. Дүйсебаев ресми іске қосылған алғашқы күні, яғни 17 мамырда, LRT қызметін 100 мың адам пайдаланғанын айтты.
«LRT іске қосылғалы жолаушылар саны 180 мың адамға жетті. Тек кешегі күннің өзінде бұл көлік түрін 100 мың жолаушы пайдаланды. Бұл көрсеткіш жобада қарастырылған өткізу мүмкіндігінен асып түседі», – деді Дүйсебаев.
Алайда CTS компаниясының мәліметінше, қазіргі таңда жүктеме біртіндеп тұрақталып келеді.
«Қазіргі уақытта жолаушылар ағыны екі есе азайды», – деді компания басшысы.
Жолаушылар санының көп болуына байланысты LRT операторы тұрғындарды жүйенің жұмысына кедергі жасамауға шақырды.
Компания өкілдерінің айтуынша, пойыздар мен платформалардың жұмысына кедергі келтіру қозғалыстың уақытша тоқтауына әкелуі мүмкін.
«Сондай-ақ жолаушыларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Қажет болмаса, платформалар мен вагондардағы дабыл батырмаларын баспау, пойыз есіктерін өз бетінше ашпау және олардың жабылуына кедергі келтірмеу керек. Мұндай әрекеттер пойыздардың тоқтап қалуына әкеледі», – деи түсіндірді Дүйсебаев.