$455 €498.77 ₽5.56

Бес айлық сәбиді өлтірген қылмыскер әлі табылмады: полиция расымен видеоны өшіруді талап еткен бе

Бес айлық сәбиді өлтірген қылмыскер әлі табылмады: полиция расымен видеоны өшіруді талап еткен бе
ЖИ

Жәбірленушінің туысы жауаптылардың жұмысына көңілі толмайтынын, ешқандай нәтиже жоқ екенін айтты

Қызылордада көлік қағып кеткен 26 жастағы әйелдің туыстары полиция қызметкерлерінің оқиғаға қатысты бейнежазбаларды өшіруді талап еткенін мәлімдеді. Осыған байланысты Azattyq Rýhy Қызылорда облысының полиция департаментімен байланысып, мән-жайды сұрады, деп жазды Astana TV.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 13 қазан күні болды. Mitsubishi Lancer Sedan көлігінің жүргізушісі анасы мен баласын қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жол апатынан кейін бес айлық сәби қайтыс болды, ал анасы жергілікті ауруханалардың біріне жеткізілді. Келіншектің кем дегенде он жері сынып, жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлаған едік.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, кеше науқасқа ота жасалған. Қазір жағдайы ақырындап қалыпқа келе жатқан көрінеді. Бұл туралы Наргиздің туысы мәлімдеді.

 «Ота сәтті өтті. Қазір жағдайы жақсы. Орнынан тұрғызып, аяғын бастырып, жүргізіп те көріп жатырмыз. Енді сенбі күні тағы бір ота жасайды. Дәрігерлерге көп рақмет!» – деді әпкесі.

Сонымен қатар полицияның жұмысына көңілі толмайтынын, ешқандай нәтиже жоқ екенін айтты. Себебі сол күнгі оқиғаға себепкер болған күдікті әлі табылмады. Тіпті қылмыскер жайлы қандай да бір ақпарат айтқан адамға 500 000 теңге сыйақы да қарастырылған еді. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін оның қайда екені анықталмады.

 «Ал енді полицияның жұмысына келер болсақ, ешқандай нәтиже жоқ. Тек «видеоны өшіріңдер, жұмыс істеп жатырмыз» дегенді ғана білесіңдер! Қайда Алексей?! Қандай жұмыс істеп жатырсыңдар?!» – деп жазды ол.

Azattyq Rýhy осы мәлімдемеге қатысты Қызылорда облысының полиция департаментіне хабарласып, бейнежазбаларды өшіру туралы талаптың болған-болмағанын анықтауға тырысты. Ведомство өкілдері бұл мәліметтің қазір тексеріліп жатқанын хабарлады.