Жыл соңына дейін Астанадан Нью-Йорк және Токиоға тікелей әуе рейстері ашылады. Үкімет басшысы Көлік министрлігіне бұл істі кейінге қалдырмауды қатаң ескертті. Сонымен қатар, келер жылы қазақстандықтар бірнеше рейс алмастырып, әр әуежайда сағаттап күтпей, Лондонға да тікелей қатынай бастайды.
Саяхат десе ішкен асын жерге қоятын отандастарымыз үшін қуанышты жаңалық! Әлемнің бас қалаларына тікелей рейс ашылады. Нью-Йоркке тікелей рейс ашу мәселесі бұған дейін талай рет талқыланып, құрғақ уәдеден ары аспай жүргеніне бірнеше жыл болды. Премьер-министр Олжас Бектенов биылдан кешіктірмей осы жұмысты бітіруді тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Жаңа халықаралық бағыттарды, атап айтқанда Еуропалық одақ елдері мен АҚШ-қа рейстер ашу жұмысын жеделдету қажет. Бұл ретте, билет бағасы бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Әсіресе, Астанадан ұшатын халықаралық әуе бағыттарына ерекше назар аударған жөн. Осыған орай Көлік министрлігіне Air Astana компаниясымен бірге осы жылдың соңына дейін елордамыздан Токио мен Нью-Йоркке, ал 2027-ші жылы - Астанадан Лондон, Париж, Рим, Вена сияқты Еуропа елдерінің астаналары мен басқа да қалаларына тікелей әуе қатынастарын ашуды тапсырамын.
Теміржол саласын да жандандыру керек. Күні кеше Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев вокзалдарды реконструкциялау жұмысын сынға алды. Көлік министрінің айтуынша, теміржол станцияларын жөндеуді кешіктірген мердігерлердің ведомствоға қатысы жоқ.
НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:
46 вокзал пайдалануға беруге дайын. Жаздың соңына дейін бұл көрсеткішті 109-ға жеткізуіміз керек. Кейбірі ауқымды жаңғыртуды талап етеді әрі тарихи-мәдени мұра нысандарына жатады. Сондықтан ол жерлерде жұмыс тәсілі мен мердігер компанияларды таңдау қиынырақ. Нұрлыбек Машбекұлы жұмыс қарқынының баяу екенін айтып, тездетуді тапсырды. Оның тапсырмасына сәйкес, негізгі нысандарды пайдалануға беру мерзімін 1 шілдеге ауыстырдық. Ал күрделі нысандарды 1 тамызға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Ал, үлкен жүк көліктері енді қаланың қақ ортасына ойқастай алмайды. Себебі, тұрғандар тарапынан шағым көбейген. Министрдің айтуынша, жүк көліктері жолдың да сау-тамтығын қалдырмайды.
НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:
Қала көшелері немесе елді-мекендердің ішкі жолдары жүк көліктерінің жүретін жері емес. Ол үшін біз 200-ге жуық автоматтандырылған өлшеу құралдарын сатып алып жатырмыз. Бір жұп дөңгелегіне 8 тоннадан аса салмақ түсетін көліктерді енді Сергек камералары арқылы анықтаймыз. Оның үстіне, әр қаланың сыртындағы айналма жолдар өз тиімділігін көрсетіп үлгерді. Ол тұрғын үйлерге ғана емес, жолдарға да аса қауіпті. Қала көшелері ондай салмаққа шыдамсыз. Сондықтан, тиісті шаралар қабылдауға мәжбүрміз.
Авиация тақырыбына қайта оралсақ, енді ішкі рейстерде адамдар жеке куәлігін көрсетіп, әуре болмайды. Барлық әуежайда биометрия арқылы жолаушы туралы ақпарат алу жүйесі орнатылмақ. Жаңа бастама алдымен Астана-Шымкент рейстерінде сынақтан өтеді.