$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихтан тартыс құралын жасауға болмайды»

AstanaTV
19.05.2026ж. 19:00
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихтан тартыс құралын жасауға болмайды»

Алтын Орданың ең көне дипломатиялық құжаты Астанада көрсетілді.

20-дан астам елдің тарихшылары мен археологтары, саясаттанушылар мен дипломаттар бас қосқан жиынның тақырыбы -«Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік». Адамзат үшін ортақ тарих болған Жошы ұлысының іскерлік, саудадағы байланысы ел билеу құрылымы жайы сөз болды. Халықаралаық симпозум жайлы Сержан Айтжан айтады.

Тарихтан тек соғыс пен қақтығыстың тәсілдерін  емес, мемлекет басқару, сауда жүргізу, дипломатия мен іскерліктің де үлгісін көруге болады. Алтын Орда дәуірінде Ұлы Жібек жолы арқылы халықаралық сауда дамып, түрлі халықтар арасында экономикалық байланыс орнады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Расында, соғыстардағы аңызға айналған жеңістер адамдардың рухын оятады. Ал тағдыршешті мәні уақыт өте келе байқалатын институционалды жаңашылдықтар мен озық идеяларға көпшілік селт ете қоймайды.

Оған әлі күнге дейін Ұлы дала тарихының шексіз шайқастар мен ұрыстар ретінде бұрмаланып көрсетілуі нақты мысал бола алады.

Алтын Орда құрамындағы ру-тайпалардың ұрпақтары бүгінде әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатыр. Олар қазіргі қазақ, ноғай, татар, башқұрт, қырым татары және өзге де түркі халықтарының тарихи тамырына айналды. Сондықтан Алтын Орда мұрасы бір ғана елге емес, бірнеше мемлекет пен халыққа ортақ тарих саналады. Қазір әр мемлекет бұл кезеңді өз тарихи көзқарасы мен ұлттық пайымына сай зерттеп, бағалап келеді.

ДАМИР ИСХАКОВ ЭТНОГРАФ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Алтын Орда әлемдік деңгейдегі ірі держава, дүниежүзіндегі ең үлкен мемлекеттердің бірі болды. Ол тарихи үдерістерде аса маңызды рөл атқарды. Әсіресе түркі халықтарының тарихында орны ерекше. Алтын Орда құрамындағы түркілердің рөлін толық бағалап, терең зерттеу керек.

НИК ФИЛДИНГ, БРИТАНДЫҚ ЖУРНАЛИСТ, ЖАЗУШЫ ЖӘНЕ БІРНЕШЕ КІТАПТЫҢ АВТОРЫ:

Алтын Орда идеясында өз халқының қамын ойлау басты орын алды. Олар бұл бағытта айтарлықтай жетістікке жетіп, ұзақ уақыт бойы күшті әрі тұрақты қоғам құра алды. Қатаң әрі нақты ережелер мен заң жүйесін қалыптастырды.

Жошы ұлысы гүлденген кезде оның аумағы шамамен 6 миллион шаршы шақырымға дейін жетті. Бұл  тіпті Рим империясының ең күшейген шағындағы жер аумағынан да үлкен еді. Сол себепті кейбір тарихшылар оны «Дала Римі» деп атаған. Бірақ мемлекеттің күші тек жер көлемінде емес, оның берік басқару жүйесінде болды. Жошы ұрпақтары құрған билік дәстүрі ұзақ уақыт сақталып, Ұлы далада бірнеше ғасыр бойы ықпалын жүргізді.

ЖАҚСЫЛЫҚ СӘБИТОВ «ЖОШЫ ҰЛЫСЫН ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ» ДИРЕКТОРЫ:

Алтын Орда хандарының әрқайсысы- жеке бір кітапқа не комикске арқау болуға лайық тұлғалар. Біз қазір Алтын Орда тарихын зерттеудің бастапқы кезеңінде ғана тұрмыз. Бүгінде бұл бағыттағы ізденістің басым бөлігі ғалымдардың ортасында қалып қойған, яғни көпшілікке толық жете бермейді.

Осындай конференциялар арқылы біз Алтын Орданың тарихын халыққа қарапайым әрі қызықты форматта кеңінен таныта аламыз.

Өткен мен келешектің байланысы қашан да маңызды. Ал бүгін сол екі тарау арасында көпір болу қажет. Себебі тарихты түсінбей тұрып, болашақты дұрыс жоспарлау қиын. Алтын Орда сияқты ірі мемлекеттердің тәжірибесі бізге тек өткенді емес, басқару, бірлік және даму қағидаларын да үйретеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады. «Деньги» сөзінің түбірі де осы ұғымнан тараған болуы мүмкін.

Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл – кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел.

Тарихты жеке емес, ортақ кеңістік ретінде зерттеу маңызды. Себебі Алтын Орда сияқты ірі өркениеттік кезеңдер бір ғана елге  емес, бірнеше халықтың ортақ тамырына айналған.