$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстанда жеке сот орындаушыларын міндетті аттестаттау енгізіледі

Қазақстанда жеке сот орындаушыларын міндетті аттестаттау енгізіледі
dailykz.

Қабылданған заң аясында жұмыс істеп тұрған жеке сот орындаушыларын заңнама мен Кәсіби ар-намыс кодексін білу деңгейін тексере отырып, аттестаттаудан өткізу қарастырылады. Аттестаттаудан қайта өте алмау жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданысын тоқтату үшін негіз болады.
 
Түзетулермен сондай-ақ ЖСО көмекшілері мен тағылымдамашыларына қойылатын талаптар күшейтіледі. Соңғы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылған тұлғалар мұндай лауазымдарды атқара алмайды.
 
Бұдан бөлек, әділет органдарының жеке сот орындаушыларының қызметін бақылау бойынша өкілеттіктері кеңейтіледі. Аумақтық әділет органдары мен ЖСО өңірлік палаталары сот орындаушыларының өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған арнайы шоттарындағы ақша қаражатының қалдығы мен қозғалысы туралы мәліметтерді сұрата алады.
 
Заңмен сондай-ақ атқарушылық құжаттарды басқа өңірге негізсіз беру жоққа шығарылады. Енді, егер борышкер басқа өңірде жұмыс істесе немесе түзеу мекемесінде болса, жеке сот орындаушысы істі басқа орындаушыға бермей-ақ, борышкердің жүрген жері бойынша жалақысынан қаражатты ұстап қалу туралы қаулыны жолдай алады.
 
Түзетулермен тыйым салынған мүлікті электрондық сауда-саттықта сату тәртібі де жетілдіріледі. Жеңімпаз төлем жасаудан бас тартқан жағдайда, сатып алу құқығы алдыңғы баға ұсынысын растаған келесі қатысушыға ауысады.
 
Қосымша ретінде, платформалық жұмыспен қамтитын интернет-платформалар мен мобильді қосымшалардың операторларын сот орындаушыларына борышкерлердің табысы туралы мәліметтерді беруге міндеттейтін норма енгізіледі.