SpaceX компаниясы өз тарихындағы ең ірі зымыран — жаңа буынға жататын Starship V3 үлгісінің 12-ші сынақ ұшырылымын екінші әрекетінде сәтті жүзеге асырды, деп хабарлайды DW.
Кеме ғарышқа спутниктерді жеткізу және алыс ғарышқа адам ұшыру мақсатында әзірленіп жатыр.
Илон Маскқа тиесілі SpaceX компаниясы ұйымдастырған ұшырылым АҚШ-тың Техас штатындағы ғарыш айлағынан жүргізілді және X әлеуметтік желісінде тікелей эфирде көрсетілді.
Starship V3 ұшырылым барысында ғарышта шамамен бір сағат бойы қозғалып, кейін Үнді мұхиты айдынына басқарылып қонды. Бұл кезде жүйенің алты қозғалтқышының бірі істен шыққанымен, аппарат миссияны жалғастыра алды.
Бұл сынақ Starship бағдарламасы аясындағы 2025 жылдың қазан айынан бергі алғашқы ұшырылым болды. Алғаш рет бұл жүйе 2023 жылдың сәуірінде сыналып, сол кезде бірнеше минуттан кейін жарылып кеткен еді. Кейінгі V2 прототиптеріндегі бірқатар сәтсіздіктерден соң SpaceX V3 нұсқасының алғашқы ұшырылымын 22 мамыр түні техникалық ақауға байланысты кейінге қалдырған болатын.
Starship жүйесі екі бөліктен тұрады: шамамен 70 метрлік Super Heavy үдеткіші және 50 метрлік негізгі Starship кемесі. Екі бөлігі де жерге қайта оралып, қайта пайдалануға арналған.
NASA бұл зымыран арқылы 2028 жылға қарай астронавтарды Айға жеткізуді жоспарлап отыр. Ал SpaceX болашақта адамдарды Марсқа ұшыруды көздейді. Компания жоспарына Марста қоныс салу, Айда қала тұрғызу және ғарышта жасанды интеллект деректер орталықтарын құру да кіреді.