$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Үздік дәрігерлерге 2 миллион теңге сыйақы беріледі

25.05.2026ж. 14:53
Үздік дәрігерлерге 2 миллион теңге сыйақы беріледі
Фото: pixabay

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын өтетін «Үздік маман – 2026» байқауының жеңімпаздарын жариялайды. Байқауда жеңіске жеткен 17 маманның әрқайсысына шамамен 2 миллион теңгені құрайтын 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі.

Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған  мәліметке сәйкес, байқау екі кезең бойынша өтеді. Алдымен өңірлерде үздіктер анықталады. Одан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің конкурстық комиссиясы республика бойынша ең үздік мамандарды таңдайды.

- Байқау медицина мамандықтарының беделін арттыру, сала қызметкерлерін ынталандыру және денсаулық сақтау саласындағы үздік тәжірибелерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр, – деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Биыл жеңімпаздар мына номинациялар бойынша анықталады: стационардың үздік дәрігері, жедел жәрдем дәрігері, алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігері, ауыл дәрігері, акушер, мейіргер, фельдшер, әлеуметтік қызметкер, медициналық жоғары оқу орны мен колледж оқытушысы, ғалым, денсаулық сақтау менеджері, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама маманы және провизор.

Байқаумен қатар Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі артқанын да еске салды. Өткен жылы бұл қолдаудың жалпы көлемі алғаш рет 4,5 миллиард теңгеден асып, 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге көбейген.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірлерге жұмысқа барған 1760 дәрігер әлеуметтік қолдау шараларын пайдаланған. Оның ішінде аса тапшы мамандық иелері саналатын 529 маманға 8,5 миллион теңгеден біржолғы төлем берілген.

Сонымен қатар Президенттің бастамасымен үздік дәрігерлерге «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы беріледі.