Астанада №2 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасының жертөлесі өртеніп, науқастар эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, тілсіз жауға электр қалқанының тұтануы себеп болған. Құтқарушылар оқиға орнына екі минутта жетіп, 10 шаршы метр аумақты шарпыған өртті жедел сөндірді. Ауруханадағы балалар мен медицина қызметкерлері эвакуацияланып, жақын маңдағы емдеу орталықтарына уақытша орналастырылды.
АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:
Жалпы саны 88 бала эвакуацияланып, басқа ауруханаларға жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ. Бүгінде №2 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасы қалыпты режимде жұмысын қайта бастайды. Барлық науқас стационарға қайта орналастырылады. Қабылдау бөлімі, фильтр және травмпункт штаттық режимде жұмыс істеп тұр.