Түлектердің қымбат кортеж мініп, мейрамханада дүркіретіп той жасауына тыйым салынғанымен, жастар бәсекенің жаңа түрін тауыпты. 25 мамырда қымбат гүл шоқтарын сыйлау, сән салондары мен қымбат образдардың жарысы қыза түскендей. Әріптесім Айғаным Тұрысбек әлеуметтік желіні жарған жаңалықтармен бөліседі.
Биылғы түлектердің тренді мүлдем бөлек. Сән мен салтанат жарысы енді алып гүл шоқтарын сыйлау үрдісіне ауысқан. Бұл -мектеп бітірушілердің жалғыз талабы емес. Әлеуметтік желідегі сторис пен видеоларда мінсіз көріну үшін қымбат көйлек алып, кәсіби визажист пен шаш әрлеуші қызметіне жүгіну де қалыпты құбылысқа айналған.
Жаңа үрдіс үлкен шығын мен ата-анаға салмақ болып түсіп жатқандай. Әлеуметтік желіде мектеп бітіруші қыздардың туыстарынан қымбат гүл талап еткені туралы жазбалар көптің талқысына түсті
БЛИЦ:
- Қайын сіңілім биыл 11 сынып бітіреді. 25 мамырға көйлегін тіктіртіп, макияж прическасына аға-жеңгесі болып бәрін төлеп бердік. Енді кеше, маған 25 мамырға папа-мамасына 101 роза, аға жеңге сендер 101 пионы алып келіңдер! Еще 24 сағатқа макияж прическадан бастап түсіретін мобилограф жалдап беріңдер және күшті, қымбат сыйлық күтем деп қарап отыр. Масқара ғой мынау.
Бұл -бір ғана отбасының мәселесі емес. Мектеп қабырғасындағы қоштасу кеші "гүл жарысына" айналған. Желі қолданушылары мұндай көзбояушылықтың оқушылар арасында әлеуметтік теңсіздік тудыратынына алаңдаулы.
БЛИЦ:
- Жас түлектердің мектеппен қоштасуына бардым және ең жағымсыз көрініске куә болдым. Қыздар қауымынының гүлден жарысуы болды! Бірінен өткен бірі үлкен гүлдер келді. Ең жаманы қаншама қыздар гүл алмады жай ғана қарап тұр!
- Не мән не тәрбие екен осы. 25 мамыр мектеппен қоштасу емес гүл беретін сайысқа айналғандай.
- Бәрі көзбояушылық, жай ғана сторис салу үшін.
- 101 пион кемінде 200 мың теңге тұрады. Біз мектепті макияжда жасамай ак бантик тағып, юбка кофтаммызбен кете беріппіз.
Десек те, әсіре сән мен қымбатшылықтан гөрі шынайылықты таңдаған жастар да аз емес. Биыл түлектер «Ақ бантик» әнін қайта жаңғыртты.
Павлодар өңірінде басталған челленджді кейін өзге аймақтардағы мектептер де жаппай жалғастырған. Астанадағы ЛРТ ішінде де жастар ән шырқады. Қарапайымдылық пен шынайылыққа негізделген бұл тренд соңғы қоңыраудың бастапқы мәнін қайтарғандай.