Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында таеквондодан ересектер арасында Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасының таеквондошылары бұл бәсекеде алтын медальға қол жеткізе алмады. Дегенмен отандастарымыздың еншісінде төрт қола медаль бар. Ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жарыс алдында қойылған мақсат туралы айтты.
Құрлық біріншілігінде ұлттық құрама таеквондошыларына алтын медаль бұйырмады. Дегенмен отандастарымыз бұл турнирде жүлдесіз қалған жоқ. Еркебұлан Еңсегенов (54 келіге дейін), Самирхон Абабакиров (63 келіге дейін), Назым Махмұтова (73 келіге дейін) және Эльдар Бірімбай (74 келіге дейін) Азия чемпионатында жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.
Ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтанов команда бұл жарыста бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге қауқарлы болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан құрамасы кем дегенде екі алтын медаль жеңіп алуды мақсат еткен.
"Жалпы, төрт қола медаль жеңіп алдық. Негізі бұл Азия чемпионатында бұдан да жоғары нәтиже күткен едік. Екі салмақта алтын медаль алуға мүмкіндік болды. 54 келі салмақта Еркебұлан Еңсегенов алтын алуға қауқарлы еді. Ол жартылай финалда жарыс фавориті саналатын иорданиялық спортшыға жол берді.
Ал 74 келіде Эльдар Бірімбай жартылай финалда ирандық спортшыдан өте алғанда, финалда бұған дейін өзі жеңіп жүрген Қытай таеквондошысымен кездесер еді. Өкінішке қарай, сәл ғана сәттілік жетіспеді", - деді бас бапкер.
Сондай-ақ аталған байрақты бәсекеде 2026 жылы Аичи-Нагояда (Жапония) өтетін жазғы Азия ойындарына жолдамалар сарапқа салынды.
"Биылғы құрлық біріншілігі алда өтетін Азия ойындарына іріктеу болды. Нәтижесінде мүмкін болған сегіз жолдаманың жетеуіне қол жеткіздік. Алдағы уақытта Азия ойындарына дейін кеткен қателіктермен жұмыс істейміз", - деді маман.
Бұдан бөлек, Есбол Сұлтанов жазғы Азия ойындарына құрама сапы қалай жасақталатынын айтты. Сонымен қатар ұлттық құраманың алдағы жоспарларымен бөлісті.
"Жыл басынан бері өткен турнирлердің, Қазақстан мен Азия чемпионатының нәтижелерін саралап, жаттықтырушылар кеңесінде нақты шешім қабылдап, спортшыларды іріктейміз. Маусым айында Қазақстанда өтетін турнирлерге қатысамыз. Содан кейін шілдеде жалпы дене дайындығына бағытталған оқу-жаттығу жиыны өтеді. Әрі қарай Азия ойындарына дейін жоспар бойынша бірнеше оқу-жаттығу жиыны жоспарланған. Азия ойындарында алтын медаль алуға тырысамыз", - деп түйіндеді Есбол Сұлтанов.
Айта кетейік, маусым айында Астана төрінде екі халықаралық жарыс өтеді. 22-23 маусым аралығында Altaic Cup турнирі өз жалауын көтереді. Екі күннен кейін, 25 маусымда Kazakhstan Open-2026 жарысы басталады. Турнир 27 маусымға дейін жалғасады.