Соңғы екі жылда ел аумағындағы Шалқар, Имантау, Бурабай, Үлкен Шабақты, Пестрое, Алакөл көлдерінде және Есіл өзенінде 8 құтқару станциясы салынды. Келесі жылдың соңына дейін Жезқазған, Қонаев, Семей, Қосшы қалаларында және Щучье көлінің жағалауында тағы 5 құтқару станциясын салу жоспарлануда.
Құтқарушылардың материалдық-техникалық жарақтандырылуын кезең-кезеңімен жақсарту жалғасуда. Заманауи жылдам жүретін катерлер мен арнайы техника сатып алынуда. Жыл бойы әкімдіктермен бірлесіп балаларды жүзу дағдыларына және алғашқы көмек көрсетуге оқыту жүргізілуде. Республика бойынша 8 001 бала жүзу дағдыларына, 17 952 бала алғашқы көмек көрсетуге үйретілді.
Қазіргі уақытта су айдындарында мобильді бекеттер қойылып, жаппай демалыс орындарында патрульдеу ұйымдастырылған, рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Ересектердің қарауынсыз балалардың қауіпті аймақтарда жүру фактілерін анықтау және оны болдырмау бойынша шаралар қабылдануда.
Сонымен қатар, шомылу маусымында балалардың қаза болуына көбіне ересектер бақылауының болмауы себеп болып отыр. Осыған байланысты ТЖМ ата-аналарды балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.