Елімізде көлік жүргізушілерін маусым айынан бастап қуанта қоймайтын өзгеріс күтіп тұр: міндетті автосақтандыру қымбаттайды, кейбіреулер үшін тіпті 40%-ға дейін өсуі мүмкін. Сақтандыру компаниялары мұны нарықтағы шығынға байланысты дейді. Толығырақ тілшіміз айтады.
Өзгеріске жол-көлік оқиғаларының көбеюі мен сақтандыру төлемдерінің артуы себеп болып отыр. Қазір жүргізушілердің жартысына жуығы апатсыз жүргізгені үшін 50%-ға дейін жеңілдік алады. Алайда жаңа өзгерістер бұл жеңілдіктерді едәуір азайтпақ.
АЗАМАТ КЕРІМБАЕВ, САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұрын 13-класс үшін 50% жеңілдік берілсе, енді тек 30% ғана жеңілдік беріледі. 13-класс бонус-малусы бар жүргізушілер үшін бұл қаулы күшіне енгеннен кейін, шамамен маусым айында, сақтандыру бірден 40%-ға қымбаттайды. Сондай-ақ бұрын апатсыз жүргізген жағдайда келесі жылы сақтандыру 5%-ға арзандайтын. Енді бұл жүйе өзгереді. Келесі жылы сақтандыру тек 3%-ға ғана арзандайды. Мұндай тарифтік саясаттағы түзету болмағанда, сақтандыру компаниялары осы нарықтан кетуді жалғастыра береді.
Сонымен қатар, есептеу жүйесі жеке тәсілге көшіп, жүргізушінің тәуекел деңгейі тереңірек ескеріледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің айтуынша, бұл сақтандыру саласын әділ әрі икемді етуге мүмкіндік береді.
ДАУРЕН КАСЫМЖАНОВ. САҚТАНДЫРУ НАРЫҒЫ ЖӘНЕ АКТУАРЛЫҚ ЕСЕП АЙЫРЫСУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Сақтандыру шартының құнына бонус-малус жүйесінен басқа, сақтанушы мен көлік құралының басқа да жеке параметрлері әсер етеді. Мысалы, көлік құралының түрі, жүргізушінің жасы, жүргізу тәжірибесі, көлік құралы тіркелген аймақ және т.б. Бұл жерде мәселе жүйені «қатаңдатуда» емес, тәуекелді бағалаудың неғұрлым икемді, дербестендірілген, әрі әділетті жүйесіне көшу туралы болып отырғанын атап өту маңызды.
Сақтандыру маманының айтуынша, алдағы уақытта компанияларға скоринг жүйесін заңды түрде қолдануға рұқсат берілуі мүмкін. Қазірдің өзінде кейбір сақтандырушылар жүргізушінің айыппұлы, өңірі және жолдағы тәртібі сияқты деректерді ескеріп отыр дейді.
АЛЕКСЕЙ НИКИТЕНКО, САҚТАНДЫРУ САЛАСЫНЫҢ МАМАНЫ:
Өзгеріс қазірден байқалып жатыр, бірақ қымбаттау барлық класқа әсер етеді. Мәселен қазір Алматыда 13-класс жүргізушісіне сақтандыру шамамен 20 мың теңге. Өзгерістен кейін 28 мың теңге болады. Егер компания ұқыпты жүргізушілерге жеңілдік берсе, онда 23–24 мың теңгеге түсуі мүмкін. Жақында 8-класс жүргізушісіне есептедім, сақтандыруы 29 500 болды, жаңа ережемен есептеп көргенімде шамамен 37 мың теңге болады.
Мамандар, бағадан бұрын қызмет сапасы жақсы сақтандыру компаниясын таңдауға кеңес береді.