Еуразия құрлығын мың жыл бойы билеген көшпенділер тарихы бүгін елордада талқыланды. Белгілі тарихшы әрі саясаттанушы Сұлтан Әкімбековтің «Еуразия көшпенділерінің 27 шайқасы» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті. «SocioExpertClub» және «AMANAT» партиясының алаңында жиналған жетекші ғалымдар мен сарапшылар бұл еңбекті ұлттық кодты сақтап қалудың маңызды құралы деп бағалады. Кітапта тарих сахнасындағы Талас, Бухара түбіндегі және Мойынты өзені бойындағы шайқастар мен олардың бүгінгі күнге тигізген әсері кеңінен баяндалады.
СҰЛТАН ӘКІМБЕКОВ, АЗИЯ ТАҒЫЛЫМЫ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, ТАРИХШЫ, САЯСАТТАНУШЫ:
Бұл кітапты жазуға шамамен екі жылдай уақыт кетті. Менде Қазақстан тарихы бойынша барлық ғылыми аппараты, сілтемелері бар таза ғылыми еңбектер жеткілікті. Ал бұл кітапты мен кең аудиторияға, қалың оқырманға арнап жаздым. Мақсатым тарихты үлкен, кең форматта көрсету. Бұл тек шайқастар туралы емес, көшпенділердің неліктен Еуразия кеңістігінде мың жыл бойы бас әскери-саяси күш болғанын түсіндіретін тарихи контекст.