$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыс артып келеді

AstanaTV
28.05.2026ж. 19:00
Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыс артып келеді

Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыс шекара танымайтын өнер кеңістігінде өзіндік өрнегін салып келеді. Рухани көпірдің алтын діңгегіне айналған Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі екі елдің қылқалам шеберлерінің басын жиі қосады. Мәселен, бұған дейін Санкт-Петербургтегі Репин атындағы академияның Алматыда өткен көрмесі қазақстандық 50 мыңнан астам өнерсүйер қауымның зор ықыласына ие болған еді. Ал өткен жылы отандық қылқалам шеберлерінің бірегей туындылары көрші елдің төрінде таныстырылды.

ГҮЛАЙЫМ ЖҰМАБЕКОВА, ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВ АТЫНДАҒЫ ҚР ҰЛТТЫҚ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

2025 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ресейде Қазақстан мәдени күндері өтті. Осы ауқымды мәдени шара аясында музей қорындағы қазақ бейнелеу өнері классиктерінің туындыларынан үлкен көрме ұйымдастырылды. Көрмені екі ай ішінде 60 мыңнан астам көрермен тамашалады.

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры да Ресейдің жетекші шығармашылық ұжымдарымен халықаралық ынтымақтастықты арттыруда. Қос тарап тәжірибе алмасып, сахна өнерін дамытуға бағытталған  жобаларды қолға алды. Мәселен, былтыр қарағандылық әртістер Новосібір қуыршақ театрының шеберінен арнайы дәріс алып, шеберліктерін шыңдады. Бұдан бөлек, жаңажылдық «Щелкунчик» мюзиклін сахналау үшін Ресейден танымал мамандар шақырылды. Ал алдағы маусым айында Мәскеу облысының Жуковский қаласы мен Пермьнен келетін ұжымдардың қатысуымен ш ағын формалы театрлар фестивалі дүркіреп өтпек.

АМАНТАЙ ИБРАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ КОМЕДИЯ ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ресей федерациясы мен біздің театр арасында бұрыннан бері шығармашылық, достық қарым-қатынас орнаған. Қарағанды академиялық комедия театры көптеген ұжымдармен әріптестік туралы меморандумға қол қойған. Гастрольдік сапарлар екі тарап үшін де пайдалы. Тәжірибе алмасамыз, жаңа идеялар туады. Жақында тағы бір тамаша өнер ұжымы Санкт- Петербургтік әріптестеріміз келейін деп отыр.