$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Экологиялық бақылау күшейтіледі: Мәжіліс Заңды бірінші оқылымда мақұлдады

Экологиялық бақылау күшейтіледі: Мәжіліс Заңды бірінші оқылымда мақұлдады

Аспаннан алтын емес, у жауып тұр. Қазақстанның әуе кеңістігіне жыл сайын 4 миллион тонна улы зат тараса, сай-саламыз 5 миллион тонна қоқысқа көміліп жатыр. Экологиялық апатты нысан мен заңсыз полигондар халықтың денсаулығын ғана емес, ұлттық қауіпсіздікті де алқымнан алып тұр. Бұл мәселелерді реттеуге Мәжіліс депутаттары білек сыбана іске кірісіп, жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Елдегі 2700-ден астам қоқыс полигонының тек 20 пайызы санитарлық талапқа сай. Қазақстан қоқыс басқарудан әлемде жүзінші орында тұр. Ал ел аумағындағы мың жарым экологиялық проблемалы нысан әлі жұмысын жалғастыруда.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, “AMANAT” ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Егер де бизнес дұрыс жұмыс жасайтын болса, оған сұрақ жоқ ешқандай. Ал егерде бизнес өзінің мойынына алған міндеттемені орындамаса онда сұрақ бар оған. Мен тағы да айтамын, 4 категория бар. 1-2 категориялар опасный категориялар болады. Солар ғана тексеріледі. Олар рұқсат алады, өздеріне міндеттемелер алады. Мынандай выбросымыз болады, осындай выброс сақтаймыз деп. Ал егер одан ары қарай асып кетсе, онда сұрақ оларға туындайды.

Заң жобасы құрлықтағы инвесторлар үшін экологиялық рұқсат алу мерзімін қысқартып, "Қазгидрометтің" мемлекеттік монополиясын тек стратегиялық бағыттарда қалдырды. Сондай-ақ, ірі алпауыттардың айыппұлды сотта жылдап даулап, жауапкершіліктен қашатын құқықтық олқылығы жойылды. Енді заң бұзушылық кезеңі соңғы тексеріс жүргізілген күннен бастап есептеліп, кәсіпорындар ауаға шығарған әрбір артық грамы үшін бюджетке төлеуге мәжбүр болады. Дегенмен, Мәжіліс залындағы ең үлкен текетірес адам өміріне тікелей қауіп төндіретін улы және медициналық қалдықтар төңірегінде өрбіді.

ВЕРА КИМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, “AMANAT” ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ауруханалар мен емханалардан шығатын қауіпті қалдықтар, мерзімі өткен дәрі-дәрмектер бүгінде кім көрінгеннің қолында кетті. Оларды жоятын компаниялардың жауапкершілігі өте төмен, бақылау жоққа тән. Осы улы заттар ертең балаларымыз ойнайтын аулалардан табылып жатыр.

Депутаттың бұл өткір уәжін уәкілетті орган өкілдері де жоққа шығара алмады. Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл бағытта бақылаудың темірдей жаңа тәртібі енгізілетінін және қалдықтарды басқару жүйесін ұйымдық-техникалық қамтамасыз ету құзыретін тікелей өз қолдарына алатынын мәлімдеді.

ЖОМАРТ ӘЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Сын өте орынды. Енді қауіпті қалдықтармен айналысатын кәсіпорындарға қойылатын талап күшейтіледі. Кімнің қандай қалдықты қайда апарып, қалай жойғаны Бірыңғай ұлттық деректер банкінде тайға таңба басқандай жазылып тұрады. Заңды белден басқандар үшін айыппұлды өсіріп, істі қылмыстық жауапкершілікке дейін жеткізуді қолға алдық.

Осы уақытқа дейін емдеу мекемелеріндегі медициналық қалдықтардың нақты есебі мен оны жоюдың бірыңғай цифрлық бақылауы мүлдем болған емес. Енді жаңа заң аясында ақ халаттылардың жауапкершілігі күшейіп, Денсаулық сақтау министрлігі улы заттардың тағдырын жіпке тізгендей қадағалайтын қатал талаптарды шұғыл енгізуге уәде берді.

ЕРБОЛ ОСПАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Біздің жүйеміз Экология министрлігінің базасымен интеграцияланып жатыр. Әрбір аурухана өзінен шыққан зиянды заттардың есебін минуттап беруге міндетті болады. Ал міндетін дұрыс атқармаған, жұмысқа атүсті қараған мердігерлерге шара қолданылады.

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Екінші оқылымға дейін депутаттар ауылдық округ әкімдіктерінің қоқыс орындарын ұйымдастыру құзыретін әлі де пысықтай түспек. Ең бастысы туған жердің табиғатын қорғаудың жаңа, қатал құқықтық таразысы іске қосылды. Табиғатқа жанашыр болғанға - қолдау, ал оны бүлдіргенге - бұлтартпас жауапкершілік жүктеледі.