$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда Алатау ауданындағы алғашқы Kinoplexx 12 кинотеатры ашылды

AstanaTV
28.05.2026ж. 19:00
Алматыда Алатау ауданындағы алғашқы Kinoplexx 12 кинотеатры ашылды

Алматыда алғаш рет Алатау ауданында заманауи кинотеатр ашылды. Көпшілікке арналған жаңа Kinoplexx-тің ашылуында «Папасының қызы» атты отандық фильмнің тұсауы кесілді. Қонақтарға концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ерекше жеңілдіктер де ұсынылды. Толығырақ тілші материалында.

Жаңа кинотеатр 12 залмен жабдықталған. Заманауи дыбыс пен сапалы экран жүйесі орнатылған орталық бір мезетте жүздеген көрерменді қабылдай алады. Ашылу салтанатына жиналған тұрғындар үшін ән-күй кеші өтіп, түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.

ЛӘЗЗАТ СЕЙТЖАНОВА, «ALATAU PLAZA» СОО ДИРЕКТОРЫ:

Аудан үшін бұл өте маңызды орталық. Тұрғындар кептелістің көп, қатынау қиын екенін біледі. Енді осында келіп, жайлы демала алады. Залдар ешбір кинотеатрда жоқ ең ыңғайлы испаниялық креслолармен жабдықталған. Ал таңдалған фильм арқылы еліміздің барлық көркем жерлерін көрсеткіміз келді.

Кинотеатрдың ресми ашылуында көрерменге «Папасының қызы» фильмі ұсынылды. Туынды әке мен бала арасындағы жақын қарым-қатынас пен отбасылық құндылықтарды арқау етеді. Жылы әрі әсерлі картинадан еліміздің әсем жерлерін көруге болады.

ДӘУРЕН СЕРҒАЗИН, АКТЕР:

Қазақстанның табиғатын, әдемі жерлерін басқа қырынан көрсетуге тырыстық. Өзім бұл түсірілім барысында көп жерлерді, Жетісу облысы болса да, кішкентай облыстың өзінде өзім әлі көріп білмеген көп жерлерді танып білдім. Өте ерекше түсірілім болды.

СЕЗІМ СЕРІКБАЙ, АКТРИСА:

Басты рөлде бұл менің, ең алғашқы фильмім. Менің  сезімім өте күшті болып тұр. Бүгін менің ең қуанышты күнім деп ойлаймын. Бұл фильмде, анасыз өмір қалай қиын екенін, әкесі қызын қалай жақсы көреді, қызы үшін бәріне дайын екенін айтып тұр. Әкесі мен қызы туралы фильм.

Ресми ашылу күніне орай келушілерге арнайы жеңілдіктер жасалып, билет құны бар болғаны 1000 теңге етілді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта көрерменді отандық және шетелдік жаңа кинотуындылармен, түрлі премьералармен қуантуды жоспарлап отыр.