$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Бітіру кешінің орнына қайырымдылық»: Алматыда мектеп түлектері ерекше балалар мен көпбалалы отбастарына көмек көрсетті

AstanaTV
29.05.2026ж. 19:00
«Бітіру кешінің орнына қайырымдылық»: Алматыда мектеп түлектері ерекше балалар мен көпбалалы отбастарына көмек көрсетті

Алматыда биыл мектеп түлектерінің бір бөлігі бітіру кешін өткізуден бас тартқан. Қымбат мейрамхана, кортедж, сән-салтанаттың орнына ерекше бүлдіршіндерге, ата-анасы жоқ және көпбалалы отбастарына көмек көрсетуді жөн көріпті. Игі істің мән-жайын тілшіміз айтады. 

Соңғы қоңырауда ең үлкен гүл шоғы кімде деп жүргенде, Бостандық ауданының кейбір мектеп бітірушілері жинаған қаржыны қайырымдылыққа бағыттаған. Жастар шын мұқтаж жандарды тауып, азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар, балаларға ойыншықтар мен оқу құралдарын тарту етті.  

БЛИЦ:

- Біз арғы жолы теледидар сыйлаған болатынбыз. Және де кішкентай баланың, ата-ананың, қуанғанын, бет-әлпетін көріп, олардың риза болған күлкілерін көрген біз үшін ол ерекше сезім болды.

- Бұл біздің ұсынысымыз болды. Кортедждер, шулы кештен гөрі мұқтаж адамдарға көмектескеніміз дұрыс деп шештік. Ұстаздарымызбен ақылдасып, көмек керек жандарды таптық. Түлектер кеші де, мереке де бір күнде өте шығады. Ал адамдарға жасаған көмегің ұзақ уақытқа сақталады.

Мектеп директорының сөзінше, оқушылар әуелден-ақ құр қызыққа әуес болмаған. Түлектер тарапынан осындай игі бастамаға ұсыныс түскенде бірден келісіп, қолдау білдіріпті.

АЙГҮЛ БОТАБЕКОВА, №94 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯ ДИРЕКТОРЫ:

Балалармен бірге ата-аналарымыз қолдады бізді. Биыл бітіру кешін жасамай қояйық деп солай балалар шешім қабылдапты. Оның орнына азын-тай болса да балаларға көмегіміз тисін, жақсылық жасайық, қайырымдылық жасайық деген сондай шешім болды. Бір-бірімізді қолдап, басқа мектептер қолдап бізді, жалпы Бостандық ауданының 36 мектебі де осындай қайырымдылық шараларға қосылды.

Жастардың бұл әрекеті әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Оқушылар ерекше балалар ұйымына барғаннан кейін терең әсер алып, өздері де ерекше сезімде болған.

ШОЛПАН СҮГІРБЕКОВА, «AUTISM ZHAN ALEMI» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біз мүлде күтпедік, қоңырау шалып түлектер келе жатыр дегенде таңқалдық. Сыйлықтарына қуандық, біз үшін үлкен тосынсый болды. Менің ойымша, бізде лайықты ұрпақ өсіп келеді. Бұл оқиға өзге өңірлерге үлгі болды.

Түлектер мұнымен шектелмейміз дейді. Алдағы балалар күнінде қалған қаржыға тағы өзгелерге қуаныш сыйламақ.