$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ұлттық киім сәнге айналды

Ұлттық киім сәнге айналды

Шапан киіп, сахнаға шыққанды бұрын салтанатты жиындардан көрсек, қазір Ұлттық киім трендте. Тойда, жұмыста, күнделікті өмірде де ұялмай киетін заманауи сәнге айналды. Бүгінде қарапайым жапырақтың суретін оюға айналдырып, матаға жан бітіріп жүрген жас шеберлер де бар.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Олар заманауи нақыштағы ұлттық киімдерді, өз үйлерінде отырып-ақ тігетін егіздер. Шығармашылық шабыты мен еңбекқорлығының арқасында, өз брендін қалыптастырып келеді. Дәл қазір біз, олардың шағын, бірақ шеберлікке толы шеберханасындамыз.

АЙСАНА БЕКЕН, КӘСІПКЕР:

Өнеріміз ішке сыймай, осылай қағазға, матаға бейнелегіміз келді біріншіден. Бүкіл әлем табиғат дейтін ол тұнып тұрған шабыт қой. Соған қарап, қазақша ойларды көресің. Мысалы, жапырақтардың оюланған түрін оюға ұқсатасың. Соны біз киімге бейнелегіміз келді.

Егіз бойжеткеннің басты ерекшелігі киімдегі әрбір ою-өрнекті қолмен салады. Бұл бейнелеу өнері мен ұлттық нақыштың шебер тоғысуы. Әрбір бұйымға ерекше ұқыптылық пен үлкен еңбек қажет.

АЙСАНА БЕКЕН, КӘСІПКЕР:

Киімге сурет салғанда, арнайы мата және арнайы бояулар қолданамыз. бірнеше этаптан өтеді. Оны жуғанда әрине, күту ерекшеліктері бар. Яғни салқын суда жуу керек деген сияқты. Бірақ жууға бола береді.

Бүгінде ұлттық өнерді кәсіпке айналдырған жастар жұмысын одан әрі кеңейтуді көздейді. Ол үшін мемлекет тарапынан берілетін қолдау бағдарламалары мен гранттарды ұтып алуға ниетті. Арнайы бизнес-жоспарларын дайындап, өз істерін жаңа деңгейге көтереміз деп сенеді.

АИДАНА БЕКЕН, КӘСІПКЕР:

Негізі мемлекеттің жастарға деген қолдауы бар екеніне сенемін. Өйткені, істеймін деген жанға немесе планы бар адамға міндетті түрде мемлекеттің қолдауы болады деп сенемін. Және кейбір таныстарым да бар сондай грант ұтып алған. Болашақта олар Қазақстанды бүкіл әлемге танымал ететін бренд болатынына сенемін.

- Сізде осылай өз брендіңізді дамытқыңыз келеді ғой иә?

- Иә, әрине

Ұлттық құндылықты заман ағымына сай бейімдеп, халық арасында насихаттап жүрген жас шеберлер үшін бұл табыс көзі ғана емес. Бұл ұлттық кодты сақтап, елдік рухты көтерудің заманауи жолы. Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалана білген әрбір жас кәсіпкер ұлттық өнердің ертеңгі аманатшысы.