Өндірістік процеске мониторинг жүргізу, бейнебақылау және бақылау жүйелері мүмкіндігінше жедел цифрландырылуы керек. Премьер-министр цифрлық бақылау жүйелерін енгізу тексерулермен қамтылмаған кәсіпорындардағы құқық бұзушылықтар санын азайтуға мүмкіндік беретінін баса айтты.
«Аталған салада заманауи цифрлық мониторинг, бейнебақылау және өндірістік процесс пен қауіпсіздікті автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізу жұмыстарын жандандыру керек. Еңбек министрлігінің Еңбек тәуекелдері картасына барлық өндірістік кәсіпорындар, оның ішінде қауіпсіздік пен еңбекті қорғау параметрлері енгізілген. Алайда, бұзушылықтар кәсіпорындарда ғана емес, сондай-ақ құрылыс нысандарында, қоғамдық тамақтану орындарында да болуы мүмкін. Олар ешқандай мониторингпен және жүйелі тексерулермен қамтылмаған»,— деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр барлық шағын және орта бизнес субъектілерін қатаң бақылау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ірі кәсіпорындарда енгізіліп жатқан жұмыскерлер қауіпсіздігін бақылау және қорғаудың заманауи жүйелері барлық өндіріс орнында басшылыққа алынуы тиіс.
«Барлық шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет. Азаматтарымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігі басты орында тұруға тиіс.
Тексерулердің нәтижелері көрсеткендей, ірі кәсіпорындар анықталған бұзушылықтарды жою шараларын тез арада қабылдайды. Бұл төтенше жағдайлар қаупін азайтады. Мұндай нысандарда тіпті әрбір жұмыскердің орналасқан жерін көрсететін жүйелер де бар. Жұмысшылар жеке қорғану құралдарымен уақтылы қамтамасыз етіліп, өндірістік процестерді бақылаудың қосымша цифрлық шаралары енгізілуде.
Осындай қағидаттарды барлық өндіріс орындары мен компаниялар басшылыққа алуы қажет», — деді Олжас Бектенов.