Арзан турға қызығып, әлем араламақ болған 20-дан астам қазақстандықтың арманы күл-талқан болды. Бірі Маврикийге жете алмай қалса, енді бірі Грузиядан өз күшімен қайтуға мәжбүр болған.
Турфирма әлеуметтік желіде шетелге тиімді бағамен жолдама ұсынып, алдын ала толық немесе жартылай төлем алған. Алайда ұшар күн таяғанда турлар кейінге шегеріліп, кейін мүлде тоқтатылған. Алматы тұрғыны Гауһар Маратқызы Маврикий мен Үндістанға арналған тур үшін жүздеген мың теңге төлеген. Бірақ сапар басталмай жатып тоқтатылып, содан бері ақшасын қайтара алмай жүргенін айтады. Ал ақтөбелік Алтынай Ариятова Баку-Тбилиси-Стамбул бағыты бойынша жолдама сатып алған. Ұйымдастырудағы былықтың кесірінен туристер бірнеше қалада қаңғып қалып, елге өз ақшасына оралуға мәжбүр болған.
ГАУҺАР МАРАТҚЫЗЫ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Маврики-Индия мемлекеттеріне және олар маған 3-4 күн қалғанда: сіздің турыңыз отмена болды, сізге ақшаңызды қайтарып берейік пе жоқ басқа турын берейк пе?,- деп. Мен айттым: маған ақшамды қайтарып беріңіз, деп. Сосын содан кейін бастап вообще ешқандай жауап болған жоқ.
АЛТЫНАЙ АРИЯТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Содан кейін жаңағы директордың өзімен сөйлестік аудиомен солай деп айтты. Сосын біздер енді такси жалдап Атырауға дейін Тбилисиден 20 сағат келдік. Атыраудан бері қарай тағы таксимен өз ақшамызға келдік.
Қазір бұл іске полиция араласты. Құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 190-бабы -алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр.
ДӘУРЕН ЕРБОЛАТҰЛЫ, №1 ҚАЛАЛЫҚ ПБ БАСТЫҒЫНЫҢ ТЕРГЕУ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Еркош тур бойынша жәбірленушілердің арыздары қабылданды. ҚР ҚК 190-бабы бойынша, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Алайда дау мұнымен біткен жоқ. Жәбірленушілердің айтуынша, тур фирма атауын өзгертіп, жаңа брендпен клиент жинауды жалғастырып жатыр. Ал компания директоры Еркебұлан Аймұратұлы проблема техникалық ақауда, дейді. Сервер мен әлеуметтік желілердегі ақаулар салдарынан төрт тур жүзеге аспай қалған. Клиенттердің ақшасы кезең-кезеңімен қайтаруға дайынмын, дейді.
ЕРКЕБҰЛАН АЙМҰРАТҰЛЫ, ТУРФИРМА ДИРЕКТОРЫ:
Бірақ қазір барлығына ақшаларын қайтарып жатырмыз. Біреуге 50 пайыз, біреу толық төлеп тастадық. 10-июньге дейін деп барлығымен келістік. Қазір примерно жобамен 10 млн дай ақша уже қайтарылды.
Бірақ алданған адамдар уәдеден шаршағандарын айтады. Өйткені олардың кейбірі ақшасын үш ай бұрын төлеген. Ал саяхаттың орнына сот табалдырығын тоздырып, тергеушінің кабинетіне келіп жүргендерін айтып налиды.