$541.34 €640.73 ₽6.53
×

10 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды

10 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды

Қазақстанда қарапайым жұмысшының өмірі зауыт қожайындарының табысынан қымбат па, әлде құрғақ есептен арзан ба? Бүгін Үкімет отырысында бұл мәселе төтесінен қойылды. Ресми мәліметке көз жүгіртсек, елде 480 мыңға жуық отандасымыз өміріне тікелей қауіп төндіретін зиянды өндірістерде тер төгіп жүр. Тәуекел көп, бірақ заңсыздықты жасырып, басын ала қашатындар да аз емес.

Еңбек заңы өзгерді. 16 мыңнан астам техникалық инспектордың өкілеттігі күшейтілді. Сондай-ақ, 98 мың кәсіпорын арнайы бақылау картасына енді. Алайда, ең сорақысы - жұмыс берушілердің өндірістегі жарақаттарды әдейі жасырып бағуы. 9 жарым миллионға жуық еңбеккерді толғандырған ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін өсірудің нақты мерзімі де белгілі болды.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Өндірістік жарақаттануды жасыру - еңбек қауіпсіздігіне әсер ететін мәселенің бірі. Ол жұмыс берушілердің жауапкершіліктен жалтаруына, жұмыскердің әлеуметтік қорғалмауына, кепілді әлеуметтік төлемдердің болмауына әкеледі. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда жұмыс берушілердің өндірістік жарақатты жасыруы туралы 39 факті тіркелген.

Енді Үкімет тек ірі алпауыттарды ғана емес, шағын және орта бизнесті де қатты қыспаққа алмақ. Әсіресе тұрғын үйлердің астында орналасқан дәмханалар мен құрылыс алаңдарындағы газ баллондары жаппай тексеріледі. Осы уақытқа дейін бақылау екі жарым есеге күшейтіліп, 10 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Тіпті, адам өміріне тікелей қауіп төндірген 600-ден астам нысанның жұмысы кілт тоқтатылды. Осы ретте Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов заң бұзғандарға салынған айыппұл көлемі бірден 62 миллион теңгеге дейін өскенін және кадр тапшылығын жою үшін инспекторлардың жалақысына 30-дан 70 пайызға дейін үстемеақы қосылғанын мәлімдеді.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Мемлекет басшысының және өзіңіздің қолдауыңызбен 1 шілдеден бастап өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторларына 30-дан 70 пайызға дейін үстемеақы белгіленді. Қабылданған шаралар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кадрлық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді деп жоспарланған. Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған саясатты іске асыруды жалғастыра береміз.

Алайда қатал заң да, миллиондаған айыппұл да кейбір жұмыс берушілерге әлі сабақ болмай тұр. Мамыр айында ғана Өскемендегі «Қазцинк» зауытында жарылыс болып, үш бірдей жұмысшы ажал құшты. Кәсіпорын басшысы Жанат Жанботин бұл жағдайды «зауыт тарихындағы ең қайғылы оқиға» деп атап, қазір айрықша бақылау режимі енгізілгенін айтып ақталды. Бірақ, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің жауабы бұл жолы тым қатал болды. Премьер-Министр тозығы жеткен жабдықтарды уақытылы алмастырмай, өндірістік бақылауды әлсіреткен ірі кәсіпорын жетекшілеріне қатысты соңғы ескертуін жасады.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Еліміздің жекелеген кәсіпорындарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қазіргі деңгейінде тәуекелдер бар. Олардың дені тозығы жеткен жабдықтарды уақытылы алмастырмау, өндірістік бақылаудың әлсіздігі және заманауи қауіпсіздік жүйелерінің болмауына байланысты туындап отыр. Бұл, ең алдымен, тау-кен, мұнай-газ және химия кәсіпорындарына байланысты. Өнеркәсіптің осы салаларын ерекше бақылауда ұстаған жөн.

Үкімет бұл мәселеде тек айыппұлмен ғана емес, заманауи технологиямен де соққы бермекші. Жыл соңына дейін елде Жинақтаушы Интеллект элементі бар "е-ТЖМ" бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады. Бұл жүйе апаттарды алдын ала болжап, адам факторын толық жоймақ. Түйіндей келгенде, Үкіметтің бұл жолғы жиыны бизнес өкілдеріне нақты әрі қатал ескерту жасады: бұдан былай жұмысшының қанымен ақша тауып, қауіпсіздіктен үнемдейтіндердің зауыты да жабылады, өздері де қызметтен кетеді.