Алматыда ана өліміне қатысты тергеу жүргізілуде.Сегіз айлық жүкті әйелдің жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жеткізілген. Алайда марқұмның туыстары дәрігерлер науқасқа қандай диагноз қойылып, қандай операция жасалғаны туралы толық ақпарат бермегенін айтады. Сондай-ақ, жақындары ана мен баланың қайтыс болғаны жөнінде де уақытылы хабарланбады деп отыр. Марқұмның екі баласы жетім қалды. Туыстары әділ сараптама жүргізіліп, оқиғаға жауапты тұлғалардың заң аясында жауапқа тартылуын талап етуде.
АЛЕНА ГРАДОЧИВ, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:
Біз баланың қайтыс болғанын тек мамырдың 5-і кешкі сағат 6-лар шамасында ғана білдік. Ал берілген құжатта өлім күні мен уақыты ретінде «5 мамыр, таңғы сағат 08:12» деп көрсетілген. Баланың өлім себебі құжатта гипоксия деп жазылған. Ал ауызша әңгімеде асфиксия деп айтылды. Ал сіңілімнің денесі мәйітханаға жіберілген. Мәйітханада бізге оның «бос күйде» келгенін айтты. Яғни, операция кезінде оның жатыры алынғанын біз тек мәйітханада ғана білдік. Дәрігерлер бұл туралы бізге ешқандай ақпарат бермеді.
Ал қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл мәлімдемелерді жоққа шығарып отыр. Ведомствоның хабарлауынша, мереке күніне байланысты ақпарат жақындарына келесі күні жолданған. Сондай-ақ басқарма өкілдері марқұмның өз бетінше медициналық көмекке жүгінгенін, оған қажетті тексерулер мен зерттеулер жүргізілгенін мәлімдеді. Тексеру қорытындысы бойынша алдын ала диагноз қойылып, емдеу тактикасы анықталған. Ал ана мен баланың өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады дейді.
ЛӘЙЛӘ ИМАНҒАЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жедел медициналық жәрдем бригадасымен Алматы қаласының перинаталдық орталығына ауыстыру туралы шешім қабылданды. Онда дереу дәрігерлер консилиумы өткізіліп, шұғыл емдеу-диагностикалық шаралар жүзеге асырылып, қажетті медициналық мамандандырылған көмек көрсетілді. Өкінішке орай, жүргізілген реанимациялық және қарқынды емдеу шараларына қарамастан, пациент пен баланы аман алып қалу мүмкіншілігі болмады. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптамасы жүргізілуде.