Петропавлдан 50 шақырым жердегі Соколов ауылына су 2-3 сағатқа ғана беріледі. Ауылдың орталықтандырылған су жүйесі тозған. 8 жыл бұрын құбырлардың жартысы ғана ауыстырылыпты. Биыл қар қалың емес, олар қатып қалып жатыр. Ал ауыстырылмаған бөлігі қысымға шыдамайды, сондықтан су бірнеше сағатқа ғана беріледі. Ауылда 1 мың адам өмір сүреді. «Ауыз су» бағдарламасының үшінші кезегінде тұрған ауыл «азап тіршілік қашан аяқталады» деп уайымдап отырған. Біздің тілшілеріміз барған күні құбырлардың биыл ауыстырылатыны айтылды. Абзал Құрманкин репортаж дайындады. Тек бір нәрсе – былтыр әкімдіктер 14,3 миллиард теңгеге автокөлік алған. Жалпы алғанда қажет дүние екені түсінікті. Дегенмен арасында «не үшін?» дейтін тым қымбат көліктер де бар. Міне, «жеп жатыр» деген әңгімелер осындай да мысалдардан шығады. Есеп бермеу, жауап бермеу... Адам үшін аса қажет – су. Басқасын былай қойғанда соны шеше алмай келе жатқанымыз...
Петропавлдан елу шақырым жердегі Соколов кенті өткен ғасырда теріскейдің маңдай алды ауылдарының бірі болған. Бұрын ауыл аудан орталығы болғандықтан оның дамуына қыруар қаржы салынып, елді-мекен жан-жақты дамып келген. Бүгінде село қарапайым ауылдардың біріне айналған. Дегенмен аудан орталығы санатынан қағылса да, ауылда орта және шағын бизнес әжептәуір дамыған. Бір мыңға жуық түтіні бар елді-мекенде кейбір жерлердегідей мектеп ғана емес, мәдени орталықтар, тіпті техникалық қызмет көрсету бекеті бар. Алайда жұрт ауыз суға жарымай отыр.
Людмила Новицкая - ауылдың байырғы тұрғыны. Алпысқа жақындаған ана күнде темір арбамен су тасиды. Есік алдында қазылған ұңғыманың суы ішуге жарамсыз. Сондықтан тіршілік көзін шалғайдан тасуға мәжбүр.
Людмила Новицкая, Соколов ауылының тұрғыны:
Осында тұрғаныма қырық жыл болды. Баяғыда су үйге келіп тұратын. Қазір құбырлардың ескіруіне байланысты суды колонкадан алып жүрміз. Шалым екеуіміз кезекпен барып отырамыз.
Ауылдағы су жүйесінің 60 пайызы тозған. Жұртты тіршілік көзімен үздіксіз қамтуға мүмкіндік жоқ. Қаусаған құбырлар жоғары қысымға шыдас бермейді. Тек биылғы қыстың ішінде 3 рет жарылған. Сондықтан су тек кешкі сағат 5 пен 8-дің аралығында ғана қосылады.
Абзал Құрманкин, тілші:
Сағатты аңдыған жұрт кешкі бесте жаппай су тарату бекеттеріне ағылады. Себебі тіршілік көзі не бары 3-ақ сағатқа ғана беріледі. Азғантай уақыттың ішінде бұқара суды тек тұтыну үшін ғана емес, тұрмыстық қажеттілікке де тасып алуы тиіс. Ал ұзын-сонар кезек пайда болған кезде жағдай тіпті қиындай түседі.
Ауылда 24 колонка бар. Бірақ жұрттың көбі осы маңайда шоғырланады. Сәлемгерей Ахметов үйдің маңындағы колонка мінсіз жұмыс істеу үшін оны ылғи тазалап, майлап отырады екен.
Сәлемгерей Ахметов, Соколов ауылының тұрғыны:
Киров көшесінде су ақпағасын, шланга етті. Қатып қала береді. Білмеймін қарайды ма, қарамайды ма. Қолдары босамай ма...Мен өзім ылғи осыны қарап отырамын. Бәрі алып жатыр. Бір шақырым жерден де келеді.
Су тапшы болғасын, ауылда мал асырау да қиын. Төрт түлікті суару үшін суды құтымен тасу кәдімгідей азап. Ал кейбіреулер шаруашылық жүргізу үшін маңайдағы көлге сорғы қойып амалдайды. Онда да жаздыгүні.
Виктор Грусеевич, Соколов ауылының тұрғыны:
Малым жоқ. Зейнеткермін. Егер де су болса, ірі қара санын көбейтер едім. Тек жазды күні бау-бақшамды суару үшін көлге сорғы қойып, амалдаймын.
Соколов кентіндегі су жүйелерінің жалпы ұзындығы 13,5 шақырым. Оның алты километрі 2010 жылы бастан аяқ ауыстырылған екен. Былтыр елді-мекенде жаңа су мұнарасы бой көтерді. Алайда оны іске қосу әзірге мүмкін болмай отыр.
Арман Куширов, селолық округ әкімдігінің бас маманы:
Су мұнарасы «Ақ бұлақ» бағдарламасының аясында салынды. Құрылысы 2014 жылы басталып, былтыр бітті. Бірақ су мұнарасы су жүйесі түгел ауыстырылғасын ғана қосылады.
Бұқараның базынасын арқалаған жергілікті атқамінерлер Астанаға бет түзеп, құзырлы органға су мәселесін жеткізіпті. Нақ біз іссапармен барған кезде ескірген су жүйесінің биыл жаңартылатыны хабарланды. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталады.
Елдар Закирин, Қызылжар ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
2015 жылы су ресурстары комитеті 19 ауылды ауыз сумен қамтитын ірі магистральдің жобалық сметалық құжаттамасын әзірледі. Жобаны жалпы құны 6,5 миллиард теңге. Биыл бізге бір миллиард бөлініп отыр. Біз бұл қаражатқа Соколов, Затон, Вознесенка ауылдарында жаңа су жүйесін тартамыз.
Шенеуніктердің пайымдауынша, құбыр тарту жұмысы шамамен бір жылға созылады. Алайда процеске әдеттегідей, неше түрлі фактор әсер етуі мүмкін. Қызылжар ауданындағы Подгорный мен Якорь селоларындағыдай жұмсартып айтқанда, жауапсыз мердігерлер кездессе, онда жобаның сиырқұйымшақтанып кетуі ғажап емес.
Абзал Құрманкин «Біздің Уақыт».