$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Дубайға әуе рейстері қайта ашылады

05.06.2026ж. 22:30
Дубайға әуе рейстері қайта ашылады
Фото: pixabay

Air Astana әуе компаниясы Алматы мен Астанадан Дубайға тұрақты рейстерді кезең-кезеңімен қайта ашады. Бұл туралы әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша рейстерді 20 маусымнан бастап, ал Астана – Дубай – Астана бағыты бойынша 10 шілдеден бастап қайта ашу жоспарланып отыр.

Әуе компаниясының мәліметінше, Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты рейстер Пәкістан аумағы арқылы ұшады. Рейстердің жиілігі кезең-кезеңімен артады.

15-21 маусым аралығында рейстер Алматыдан аптасына екі рет – сенбі және жексенбі күндері ұшады. 22-28 маусым аралығында рейстер саны аптасына төртке дейін артады, 29 маусым мен 5 шілде аралығында алты рейске жетеді, ал 6 шілдеден бастап ұшақтар күн сайын қатынайтын болады.

Астанадан рейстер 10 шілдеден бастап аптасына үш рет – жұма, сенбі және жексенбі күндері қатынайды. 20 шілдеден бастап рейстер саны аптасына төртке, 27 шілдеден бастап беске дейін жетеді. Ал 3 тамыздан бастап бұл бағыт бойынша рейстер күн сайын қатынайтын болады.

Осыған дейін ұшу күні 31 шілдеге дейінгі мерзімге қайта брондалған билеттердің иелері броньдарын тегін түрде ертерек рейстерге ауыстыра алады: Алматыдан – 20 маусымнан бастап, Астанадан – 10 шілдеден бастап.

Air Astana компаниясы Таяу Шығыстағы жағдайды бақылауды жалғастырып отырғанын және қажет болған жағдайда ұшу кестесіне өзгерістер енгізуі мүмкін екенін атап өтті.