Ақтөбеде бір сәтте бүтіндей бір отбасының тағдыры күлге айналды. Газ жарылысынан 58 жастағы әйел көз жұмып, шаңырағы ортасына түсті. Баспанасынан ғана емес, анасынан да айырылып, жан-жақта тентіреп жүр. Қайғыдан қан жұтқан отбасы әділдік іздейді.
Мына үй кезінде қуаныш пен күлкіге толы еді. Қазір үйінді ғана жатыр. Қирандылар арасынан марқұмның орамалы табылып, жақындарының жүрегі тағы езілді. Қайғылы оқиға 26-мамыр күні кешкі сағат алты шамасында болған. Бүлдіршіндер балабақшадан енді келетін кез, отбасы мүшелері сыртта жүрген. Тек садақаға баруға дайындалған 58 жастағы әйел киім ауыстыруға үйге кірген. Бірақ сол кіргеннен қайта шыққан жоқ. Жарылыс әп-сәтте бүкіл үйді қиратып, әйелді үйінді астында қалдырған.
МЕЙРАМГҮЛ ТЫНЫМОВА, МАРҚҰМНЫҢ АПАСЫ:
Есігін ашып үйіне кірген жағдайда болған жарылыс, со кіреберіс табалдырықта құлаған, даже аяқ киімін де шешпеген. Телефоны, қолындағы сумочкасы бәрі со өзінің жатқан жерінде со жерден таптық. Ешқандай денесінде жаңағы сынық, шығып кеткен ондай ештеңе жоқ. Тек бастырылып со жерде жан тапсырған.
Табиғи газдың жарылысы аса жойқын болған. Жүз шаршы метр аумақ қирап, көрші үйлердің терезелері мен шатырларын жұлып әкеткен. Қақпа алдында тұрған көлік темір үйіндіге айналған. Бұл үйді отбасы 2005 жылы ипотекаға алыпты. Содан бері әр кірпішін еңбекпен көтерген. Марқұм базарда сауда жасап, отбасын асыраған. Бүгінде сол отбасының тірегі де, үйі де жоқ. Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Сараптама қорытындысы әлі шыққан жоқ.
БЕКБОЛ ИСАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ҰЛЫ:
Газде қызмет ететін адамдардан күдіктеніп тұрмын. Сол күні естідім да, сол күні бір 3 газовик жүргенін бір жерден утечка шығыватр деп жүрді, деп естідім. Жабамыз деп может қатты давление ашып жіберді ма деген ойдамын. Мен осы уақытқа дейін газдың ешқандай шағымы болған жоқ.
Отбасы газ қызметіне күмән келтіреді. Айтуларынша, қайғылы жағдайдың алдында ғана маңайдағы бірнеше үйде газдың шығуы анықталып, мамандар тексеру жүргізген. Ұлы тергеудің әділ өтіп, кінәлілер анықталады деп үміттенеді.Әкімшіліктен көмек сұрап барған, алайда ондағылар заң бойынша көмек тек өрт пен су тасқынынан зардап шеккендерге қарастырылғанын айтып, шығарып салыпты.
ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ақтөбе қаласы полиция басқармасымен аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып тергеу амалдары жүргізілуде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Сараптамалардың қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданатын болады.
Қазір бұл отбасының алдында тағы бір ауыр сынақ тұр. Олар енді қайда барады? Әжеден айырылған қос немере, жұмыссыз әке, келін мен балалары бүгінде туған-туыстың үйін жағалап жүр. Бір жарылыс бір адамның өмірін ғана емес, бүтіндей бір әулеттің болашағын күл-талқан етті. Қайғыдан қан жұтқан отбасы көмекке мұқтаж. Тілегі-мұндай қасірет басқа ешкімнің басына түспесе екен.