Е-өтініш пайда болған 5 жылда қазақстандықтар мемлекеттік мекемелерге 16 млн арыз түсірген. Антирейтинг басында салық дауларымен қаржы министрлігі көш бастайды. Екінші орында әділет министрлігі. Одан соң жер мәселесі бойынша әкімдіктерге сұрақ көп. Бұрынғыдай үкіметке деген ренішін жүрек түкпірінде сақтап жүретін халық жоқ. Мемлекетті сотқа беретіндердің саны артқан. Бірақ біздегі бұл үрдіс әлемдік көрсеткіштен әлі екі есе төмен. Мемлекет басшысы «әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда тағы қандай мәселелер көтерді? Тілшіміз толықтырады.
«Судьялар тек билікті қолдайды. Шенеунікке тісіміз батпайды» деген түсінік санамызға әбден сіңіп қалғаны жасырын емес. Сондықтан қарапайым халықтың мемлекеттік органдармен соттасуы да сирек еді. Осыдан 5 жыл бұрын билікті сотқа беріп, жеңгендер 15 пайыз ғана еді. Соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш 4 есе артты. Бұған тікелей Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануы әсер етті.
АСЛАН ТҮКИЕВ, ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ ӘКІМШІЛІК ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Реформаға сай бұйрыққа қол қойған мемлекеттік қызметкер өз шешімінің заңдылығын сот алдында дәлелдеуге міндеттелді. Реформа жүзеге асқалы сотқа 150 мыңнан астам шағым түскен. Оның тең жартысынан астамы, яғни 60 проценті қарапайым бұқараның пайдасына шешілді. Нәтижесінде сот органдарына толық сенім білдіретін азаматтардың үлесі 63,2 процентке жетті.
Реформаның шарапаты бизнесмендерге де тиді. Даулы істердің 80 пайызға жуығы кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп жатыр. Президент шенеуніктерге бизнеспен текетіресті тоқтатып, кез келген дауды бейбіт шешуді жүктеді. Бірақ мәміле тек заң шеңберінде жасалуы шарт. Ешқандай «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмейді.
ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ, «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАЛҚА ТӨРАҒАСЫ:
2 жыл бұрын салық және кеден дауларын осы әкімшілік әділет жүйесінің аясынан шығарып тастау туралы бастамалар болды. Бірақ, Мемлекет басшысы мен Жоғарғы соттың қолдауының арқасында бұл процедуралар кодекстің ішінде қалды. Осылайша, әкімшілік әділет институтының арқасында бизнес мемлекетпен тең дәрежеде сөйлесе алатын, өз құқығын қорғайтын нақты құқықтық алаңға ие болды.
Халық пен билікті «е-Өтініш» жүйесі де жақындатты. 5 жылда бұл портал арқылы мемлекеттік органдарға 16 миллионға жуық арыз-талап түскен. Ал былтыр кәсіпкерлер Қаржы министрлігіне 113 мың, Үкімет аппаратына 89 мың шағым жазған.
РУСТАМ ЖҮРСІНОВ, ҚАЗАҚСТАН ИНВЕСТОРЛАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРЫ БІРЛЕСТІГІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Негізінен есепшоттарды бұғаттау, электронды шот-фактуралар мен қосылған құн салығына қатысты мәселелер болды. Екінші орында, жер дауы мен мемлекеттік сатып алу мәселелері. Біз кәсіпкерлер неге бірден Үкімет аппаратына жазады деп ойландық. Шамасы, бизнес өкілдері бейінді министрліктерге хат жазудан шаршаған соң, бірден жоғарыға шағымданатын сияқты. Айта кетерлігі, бизнестен түскен шағымдардың 51 пайызы қанағаттандырылады.
Атқамінерлердің жұмысына қатысты сан мың шағымның Ақорданың да назарынан тыс қалған жоқ. Жиында Мемлекет басшысы халық пен бизнестің арызын аяқсыз қалдыратын шенеуніктердің заманы өткенін тағы бір мәрте қадап айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналады. Осы маңызды жұмысқа биліктің әр деңгейдегі өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер, депутаттар белсенді түрде қатысуы керек. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің конституциялық міндеті.
Әкімшілік әділет жүйесі толық қалыптасты, бірақ реформа мұнымен тоқтамайды, дейді сала мамандары. Алдағы уақытта бұл жүйенің аясы одан әрі кеңейіп, ең бастысы - сот шешімдерін шенеуніктерге мәжбүрлеп орындату тетігі енгізілмек.