Қызылжарда бақташы мал ұрлап, ауыл тұрғындарын тақырға отырғызған. Пысықай бірнеше жыл бойы жұрттың жылқысын бағып, артынша малды қайтармай қойған. Енді сан соққан жұрт не істерін білмей дал. Жауапсыз малшының арам пиғылынан 20 адам жапа шеккен. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Бұл Бескөл ауылының ақсақалдары. Жергілікті тұрғын олардың жылдар бойы жинаған малын ұрлап, сан соқтырып кеткен. Мәселен, Мейрам Сейілов 30 бас жылқысынан қағылды. Ауыл тұрғыны 2016 жылы бақташыға бірнеше биесін сеніп тапсырып, одан жыл сайын төлдеген құлындарын есептеп отырған. Ал жуырда бақыр тиынсыз қалғанын біліп, ах ұрды.
МЕЙРАМ СЕЙІЛОВ, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тетрадьқа жазып отырдым, анау бие қосылды деп. Осы таңда 30 бас болып шықты. Енді барып биемізді бер, соғымымызды алайық десек, маған не деп келіп тұрсың, дейді. Қағаз, договор ештенең жоқ, неге келіп тұрсың, дейді.
Басы аяғы 19 адам бақташының арбауына түскен. Олардың барлығы құқық қорғау органдарының көмегіне жүгініп, арыз жазған. Шығын көлемі - шамамен 100 бас жылқы.
ЖАПАР ТӨЛЕГЕН, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз бастапқыда жазғанбыз 500 мыңнан деп жылқы басын. Енді қазіргі таңда жылқының бағасы 1 млн ғой. Сонда мынау общий сумма 60млн болатын болса, арифмптика ғой 2 көбейтсе, 120 млн болып шығады.
Құзырлы органдардың дерегінше, аталған бақташы 3 ай бұрын қамауға алынған. Алайда, пысықай аузын қу шөппен сүртіп отыр. Сондықтан жұрт сот болғанның өзінде жер сипап қала ма деп алаңдап отыр.
ОРАЗГЕЛДІ МҰЗАФАР, СҚО ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ:
Қызылжар ауданының тұрғынына қатысты қылмыстық іс тіркеліп, тексерілді. Қылмыстық іс ұрлыққа оқталып және алаяқтық аса ірі мөлшерде жасау бойынша қылмыстық іс тергеп тексерілді. Барлық дәлелдемелер өз орнын тапты. Қазіргі таңда қылмыстық істің мәнін қарау үшін Қызылжар аудандық сотына жіберілді.
Тұрғындардың айтуынша, аталған бақташыдан жапа шеккен адамдардың қатары қазіргіден әлде қайда көп болуы мүмкін. Қазір оларды полиция іздестіріп жатыр. Ал алғашқы сот процессі маусымның 18-не белгіленді.