Жетісу облысында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу және мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерінің алдын алу бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Тәртіп сақшылары күн сайын қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді тұтыну, сондай-ақ адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіретін мас күйде жүру деректерін анықтап, олардың жолын кесуде. Жыл басынан бері осындай құқық бұзушылықтар жасаған 2195 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл көрсеткіш қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесінде профилактикалық жұмыстың маңызын айқын көрсетеді. Құқық бұзушылықтардың алдын алуда жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйелері де тиімді құралға айналып отыр. ЖБО қызметкерлері камералар арқылы тәулік бойы қоғамдық орындардағы ахуалды бақылап, тәртіп бұзу деректерін жедел анықтауда. Соның нәтижесінде жыл басынан бері бейнебақылау көмегімен қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген немесе алкогольдік ішімдіктерді ішкен 888 құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Полиция қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішуге және адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіретін мас күйде жүруге заңмен тыйым салынғанын еске салады. Полиция өңір тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және заң талаптарын мүлтіксіз орындауға шақырады. Қоғамдық мәдениет пен өзара сыйластық – қауіпсіз әрі жайлы ортаның басты кепілі.