$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда 400-ден астам есірткі жарнамасы жойылды

Алматыда 400-ден астам есірткі жарнамасы жойылды
Polisia.kz

Алматыда Нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестің халықаралық күніне орай ұйымдастырылған антиесірткілік айлық аясында есірткі құралдарын жарнамалайтын заңсыз жазуларды анықтау және жою бойынша ауқымды акция өткізілді.

Іс-шараны Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырып, қаладағы барлық аудан аумағын қамтыды. Акцияға "Жастар Рухы" жастар қанатының еріктілері, "Наркостоп" жобасының қатысушылары, прокуратура өкілдері, "Жастармен" жобасының белсенділері, Қазақстан Республикасы ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясының курсанттары, "Таза орта" еріктілер қозғалысының мүшелері және қоғам белсенділері қатысты. Жалпы іс-шараға 150-ден астам адам жұмылдырылды. Акция барысында қала аумағынан есірткі құралдары мен психотроптық заттарды жарнамалау және насихаттау белгілері бар 400-ден астам заңсыз жазу анықталып, толықтай жойылды. Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батыржан Әбдімасаровтың айтуынша, есірткі жарнамасымен күрес – нарқоқылмысқа қарсы кешенді жұмыстың маңызды бағыты.

- Мұндай жазулар граффитиге жатпайды, ол адамдарды, әсіресе жастарды, есірткінің заңсыз айналымына тартудың құралы болып табылады. Біздің міндетіміз – есірткіні өткізудің жолдарын анықтап, жолын кесумен ғана шектелмей, оны насихаттаудың кез келген түрін жою. Біз қаланы есірткі насихатынан жүйелі түрде тазартуды жалғастырып келеміз және тұрғындарды бейжай қалмай, осындай фактілер туралы хабарлауға шақырамыз. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыра аламыз, – деді Батыржан Әбдімасаров.

Алматы қаласының полиция департаменті есірткіге қарсы күрес бағытындағы алдын алу және түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра береді.