Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Бір отбасын қырып салған күдікті қарызын даулаған ба?

AstanaTV
12.02.2018ж. 20:00
3137
Бір отбасын қырып салған күдікті қарызын даулаған ба?

Шымкентте бір отбасын қырып салды деген күдікке ілінген адамның бұрын екі рет сотталғаны белгілі болды. Мұны ішкі істер қызметінің өкілдері айтты. Ол Тараз қаласында ұсталып, қамауға алынған. Шаһарда бір сәтте үш адам ажал құшқан еді. 50 жастағы әйел мен оның екі ұлының денесі өз үйінен табылған. Мұндай қатігез қылмысқа себеп болған не? Полицейлердің дерегі қандай?  Әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Аса ауыр қылмысты жасады деген 27 жастағы күдікті қазір қамауда. Құқық қорғаушылардың дерегінше, ол Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Соңғы екі жылдан бері Тараз қаласында тұрады. 

Бауыржан Селтанов, ОҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

Осы жасалған аса ауыр қылмыс бойынша толыққанды өз жасаған кінәсін мойындап, ол бойынша дәлелдемелер алынып, қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Құзырлы мекеменің дерегінше, күдікті бұған дейін «ұрлық» және «тонау» жәйттерімен екі рет сотты болған. Қазір оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тергеу құпиялылығын алға тартқан полицейлер мұнан өзге мәлімет таратпай отыр. Ал марқұмдардың туысы үш бірдей адамның өмірін қиюға әлдебір «ойынның» себеп болғанын айтады. Күдікті бұрын осы маңда тұрған. 22 жастағы марқұм Александрдың ескі танысы көрінеді. Оның сол күні үйді торуылдап жүргені көршінің бейнебақылау камерасына жазылып қалған.

Тергеушілердің бізге айтуынша, олар компьютерлік ойын ойнаған. 35 мың теңгеден ойнаған ба, анығын білмедім. Марқұм оған ақша қарыз болған сыңайлы. Өйткені күдікті полицейлерге «қарызымды алуға келдім» деп айтқан. Ал үйге қақпа арқылы кірген. Ол Денис сабақтан келгесін 2 минуттан соң есікті қағады, таныс адам болғасын, бала ішке кіргізген.

Туысының сөзінше, күдікті әуелі 13 жасар баланы басынан ұрып, соңынан тұншықтырып өлтірген. Мұнан соң үйге кірген анасы мен 22 жастағы ұлын да соққыға жыққан. Қайтыс болған әйелдің жасы елудің үстінде. Ол қаладағы өндіріс орындарының бірінің асханасында аспаз болып жұмыс істеген. Бір қызы мен екі ұлын жалғыз өсірген.

Марқұмдардың көршілері мен осы үйдің күйеу баласы бізге сұқбат беруге келіспеді. Кісі қолынан қаза тапқан әйел мен оның екі ұлының денесі кеше жер қойнына тапсырылды 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Туыстарының сөзінше, марқұмдарды ақтық сапарға аттандыруға ет жақындарынан бөлек көрші-қолаң да бір кісідей атсалысыпты. Сондай-ақ жерлеу рәсіміне қайырымды шымкенттіктер қол ұшын созған. Қаралы отбасының туыстары үш адамның өмірін қиған күдікті заңға сәйкес лайықты жазасын алсын деп отыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ