$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Шетелге оқуға түсіріп беремін деп алдаған

Шетелге оқуға түсіріп беремін деп алдаған
Polisia.kz

Астанада аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі ашылды. 32 жастағы ер адам елордадағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінің маңында жәбірленушімен танысып, өзін  жоғары оқу орындарына талапкерлерді оқуға орналастырумен айналысатын арнайы орталықтың өкілі ретінде таныстырған. Ол азаматтың сеніміне кіру мақсатында шетелдік университеттермен де байланысы бар екенін айтып, қысқа мерзім ішінде оқуға грантсыз қабылдауға, құжаттарды рәсімдеуге және шетелдік оқытушыларды тартуға көмектесетінін жеткізген. Күдікті оқу ақысын төлеу, құжаттарды жедел рәсімдеу және арнайы дайындық бағдарламаларын ұйымдастыру қажет деген сылтаумен жәбірленушіден бірнеше мәрте ақша қаражатын алған. Осылайша, алдау және сенімге қиянат жасау жолымен жалпы сомасы 8 млн теңгені иемденген. Уәде етілген қызметтер уақытылы орындалмағаннан кейін жәбірленуші күдіктіден күмәнданып, құқық қорғау органдарына жүгінген. Тергеу барысында күдіктінің ешқандай білім беру ұйымдарымен ресми байланысы болмағаны анықталды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Әсіресе, оқу, жұмысқа орналастыру немесе құжат рәсімдеу мәселелерінде делдал қызметін ұсынатын бейтаныс адамдарға сеніп, алдын ала ірі көлемде ақша бермеу қажет екенін ескертеді. Кез келген қызметтің заңдылығын тексеріп, ресми келісімшартсыз қаржылай мәміле жасамаған жөн.