Таразда шетелдік азамат синтетикалық есірткіні ірі көлемде өткізбек болған жерінен қолға түсті. Құзырлылар жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 29 жастағы Өзбекстан азаматын ұстады. Жеке тінту кезінде одан ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған, оқшаулағыш таспамен оралған 28 түйіршек тапқан. Күдіктінің уақытша тұрып жатқан мекенжайында жүргізілген тінту барысында өзіне тән иісі бар тағы 109 түйіншекті тәркіледі. Синтетикалық есірткінің жалпы салмағы 59 грамды құрады. Алдын ала бағалау бойынша оның қара нарықтағы құны 3 миллион теңгеге жуық екен. Ол заңсыз табыс табу туралы ұсынысты Telegram мессенджері арқылы алған. Дайындалған түйіншектерді Алматы қаласынан алып, Тараз қаласының аумағында өткізуді жоспарлаған. Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес тәркіленген зат, альфа PVP синтетикалық есірткі болып танылды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.