$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда 12 жасар жеткіншек қатарласының қолынан қаза тапты

AstanaTV
12.06.2026ж. 19:00
Алматыда 12 жасар жеткіншек қатарласының қолынан қаза тапты

Алматыда 12 жасар жеткіншек қатарласының қолынан қаза тапты. Марқұмның туыстарының айтуынша, күдікті тоқтаусыз 9 жерден пышақтаған. Кейін қансыраған күйде тастап, қашып кеткен. Полиция қанды оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде. Оқиғаның мән-жайын тілшіміз Ғазиза Әмірбек анықтап қайтты.

Қанды оқиға болған күні Абылай кешкі 7-лер шамасында үйінен досының шақыруымен шығып кеткен. Марқұмның ата-анасының айтуынша, досымен велосипедке отырып, жақын маңдағы жатақханаға еріп барған. Сол жерде өзімен бір мектепте, бір сынып жоғары оқитын оқушы күтіп тұрған екен.

САНДУҒАШ СОВЕТҚЫЗЫ, МАРҚҰМНЫҢ ӘЖЕСІ:

Абылай ешқандай ойсыз барған. Баланы шақырғаннан кейін ол бала кетіп қалған. Жаңағы өштесіп жүрген бала Абылайдың артына пышақ тыққан. Дыбыс та шықпай қалған. Не даусы шықпаған Абылайдың. Сол кезде оның үстінен тағы пышақтаған. Құлағаннан кейін үстіне мініп алып 9 рет пышақтаған. Бұл зұлымдық!

ЗАМИРА БАДАЛОВА, МАРҚҰМ АБЫЛАЙДЫҢ АНАСЫ:

Ол 12 минут бойы дәлізде жалғыз жатты. Ол ешкімді көмекке шақырмады! Ертіп барған досы оны жалғыз өлуге қалдырды! Сосын балам қан жоғалтудан қайтыс болды... Бұл қандай қатыгездік?! Қорқытып қоюға болар еді ғой, жай ғана төбелесуге де болар еді ғой!

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Туыстарының айтуынша 12 жастағы Абылайханды дәл осы әскери қызметкерлер тұратын жатақхана дәлізінде пышақтаған. Әуелі суық қаруды ішіне сұғып, құлатады. Одан кейін тағы 8 рет аяусыз пышақтады дейді. Содан соң дәл осы жерде қансыраған күйінде тастап, қашып кеткен.

КУӘГЕР:

Бала ана жерде жатты. Баланың көзі ашық, аузы ашылып қалкөзі ашық, аузы ашылып қалған. Скорый келген кезде ол бала уже кетіп қалған деді. Былайынан арқасын көрді, арқасында не бар деп. Қайтадан былай аударған кезде уже бауыр сияқты былайынан шығып кеткен. Ішектері шығып кеткен.

Сондай-ақ марқұмның анасы күдікті жасөспірім баласымен бұрыннан араз болған дейді. Оның сөзінше, күдікті бұған дейін де қоқан-лоқы көрсеткенімен, ұлы оны шын қауіп ретінде қабылдамаған. Қазіргі таңда 13 жастағы күдікті құқық қорғау органдарының бақылауына алынып, оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бұл қылмысты жасады деген күдікпен 13 жасар жеткіншек ұсталды. Қазіргі таңда мамандырылған мекемеге тоғытылды. Қылмыстық іс қозғалды қылмыстық кодекстің 99-шы бабының нормалары бойынша. Қылмыстық іс аясында ата-аналардың жауапкершілігі де көзделеді. Өзінің балаларын тәрбиелеуде тиісінше тәрбиелемегені үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Ұлынан айырылған отбасы бұл қылмысқа екі жасөспірімнің қатысы бар деп есептейді. Туыстарының айтуынша, спортпен шұғылданып, денесі шымыр болған Абылайға шамалары келмейтінін білгендіктен, олар әрекеттерін алдын ала жоспарлаған болуы мүмкін. Сондықтан қара жамылған отбасы сол күні Абылайды ертіп кеткен тағы бір жеткіншекті де жауапқа тартуды талап етіп отыр.