$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ақтөбедегі Жаңқожа батыр көшесінің тұрғындары жеті жылдан бері шатыр жөндеуді күтіп жүр

AstanaTV
12.06.2026ж. 19:00
Ақтөбедегі Жаңқожа батыр көшесінің тұрғындары жеті жылдан бері шатыр жөндеуді күтіп жүр

Ақтөбедегі Жаңқожа батыр көшесінің тұрғындары жеті жылдан бері шатыр жөндеуді күтіп жүр. Терможаңғырту бағдарламасына қажетті құжаттары дайын, тұрғындардың келісімі бар. Мердігер де жұмысқа кірісуге әзір. Бірақ қаржы бөлінбегендіктен жөндеу жыл сайын кейінге шегеріліп келеді.

1979 жылы салынған бес қабатты үйде бүгінде 90 отбасы тұрады. Дені-зейнеткер. Арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Олар жыл сайын әкімдік табалдырығын тоздырғанымен, «қаржы жоқ» деген жауаптан әрі аса алар емес. Жаңбыр жауса болды, төбеден су сорғалайды. Үйдің іші ылғал тартып, көгеріп жатыр. Ақтап, сырлағаннан пайда жоқ. Түсқағаздар қайтадан сыпырылып түседі.

ЗАДА ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, ТҰРҒЫН:

Су аққанда 1-этажға дейін ақты. Замыкание болды. Мына біздің үйдің төбесіне көмек берем дегеніне 8 жыл. Мынау масқара ғой. Бір күні біреуге үйге өрт кетсе?Біреудің балалары тоққа түсіп жатса?Сонда не болады?

РАФИЯ КАМАЛУТДИНОВА, ТҰРҒЫН:

Су өтіп жатыр.5-этажда тұрамын мен.Тастар түсіп жатыр төбеден. Сол енді финансирование болса. Су кетіп жатыр ғой енді, ремонт деген, мебель деген-бәрі.

Әсіресе бесінші қабат тұрғындарының жағдайы қиын. Су шатырдан пәтерлерге ғана емес, электр желілеріне де өтіп жатыр. Люстра қосудан қалған. Жаңбырдан кейін тоқ тұйықталып, шамдар жанып кеткен. Қазір амалсыз қабырға шамдарын ғана пайдаланып отыр.

Тұрғындар биліктен нақты шешім күтеді. Өйткені олар үшін бұл жай ғана жөндеу проблемасы емес. Бұл- қауіпсіздік пен өмір сапасына қатысты мәселе. Ал егде жастағылардың жалғыз арманы- көздерінің тірісінде шатырдың жөнделгенін көру.

ӘСИМА ОМАРОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН-ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Бөлім тарапынан облыстық мәслихатқа құжаттар тапсырып қойдық, яғни жобалық сметалық құжаттамалар. Ендігі мәслихат сессиясында қаралатын болады. Ала қай уақытта болатыны мәслихат сессиясының белгісіз.

Тұрғындары өз бетінше шатырдың жекелеген бөліктерін жөндеп көрген. Нәтиже жоқ. Төбеден сорғалаған су электр сымдарына жеткен. Кез-келген сәтте өрт шығуы мүмкін. Онда ондаған отбасының мүлкі ғана емес өмірі де қауіпке ұшырайды.