$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Баянауылда апатты үй тұрғындары биліктен көмек сұрайды

12.06.2026ж. 19:00
Баянауылда апатты үй тұрғындары биліктен көмек сұрайды

Естімеген елде көп. Павлодар облысында  өркениет атаулыдан жұрдай болған ауыл бар. Баянауыл ауданына қарасты Шөптікөл елдімекені өткен ғасырда қалып қойған сияқты.  Инфрақұрылым атымен жоқ. Не су, не ұялы байланыс, не медпункт, не мектеп, ең сорақысы дүкеннің өзін таппайсың. Ауыл халқы өлместің күнін көріп отыр. Ал өткен ғасырдың  20-30 жылдары саманнан салынған үйлер шетінен мүжіліп, құлап жатыр. Тұрғындар тоқал тамнан табытпен шығамыз ба - деп қорқады. Мәселенің мәнісін тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді. 

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Шөптікөл ауылдағы үйлердің салынғанына 1 ғасырдан асқан. Әбден тозығы жеткен баспаналар құлап жатыр. Тұрғындар астында қаламыз ба - деп қорқады. Сол себепті көпшілігі үйлерін тастап, көшуге мәжбүр болған.

Бұл үйлерден көшкендердің бірі – Алмагүл Әбілешова. 3 жыл бұрын ескі үйінің төбесі опырылып ортасына түскен. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Үйсіз қалған  ол баласының үйіне көшіп барыпты. Өйткені, паналайтын басқа баспанасы жоқ.

 АЛМАГҮЛ ӘБІЛЕШОВА, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жаңбыр жауған кезде ағашы шіріп кетіпті. Сол шіріп құлады ар жағынан. Ол жағы от жағатын жағым. Содан отымды жаға алмай қалдым. Осы үйдің салынғанына 100 жылдан асып кетті. Тұруға уже не возможно. Төбеден ағады. Төбелері жоқ, крышалары. Жаңбыр нетсе, ағып кетеді бүкіл жақтан.

Бұл Шөптікөлдегі бір ғана отбасының мәселесі емес. Түгел ауылға ортақ түйткіл. Елді-мекендегі барлық баспаналар әбден ескірген. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары саманнан салыныпты. Бұл үйлердің шатыры да жоқ. 

АСҚАР ШАЙКИН, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ескі үйлер, қорқасың. Қазір бірдеңе қозғалып кетсе, төбе құлай ма деп. Бір жақ шеті құлап жатқаны көрініп тұр. И то оны бертін істегенбіз ғой. Арасына су кіріп кетіп, қар кіріп кетіп, қар еріп осылай төбелелер бәрі құлап жатыр. Қорқасың балалар ана төбенің астына қалып қояма деп.

Ауыл өркениет атаулыдан жұрдай. Ауырып жедел жәрдем шақыруға ұялы байланыс желісі жоқ. Сол себепті тұрғындар науқас адамдарды өз көлігімен Майқайың кентіне тасиды. Ал басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындарға  ем шара жасайтын ауылда дәрігер де жоқ.

АЙТБАЙ ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Медпункт числитья. Ода кісі болу керек. Ауылда кәрі кісілер бар. Диалезге барады, укол алады, давление бар. Соны аралап жүретін бір адам керек ғой. 21-ғасырда ауылда медик жоқ. Скорый шақырсаң, бұл бізде баланста жоқ. Бензинді өздерің құйыңдар, например. Қалай жетсең, олай жет. Солай. Скорый келмейді мұнда.

Ауылда ауыз су да жоқ. Тіршілік нәрі болмаған соң, халық үдере көшкен. Қазір бар жоғы 20-дай үй қалыпты. Айналасы толған көмір кеніші. Одан шыққан улы түтінге ауыл халқы тұншығып отыр. Тұрғындар  Шөптікөл ауылының болашағы жоғын айтып, елді-мекенді көшіруді талап етті.

Баянауыл ауданының әкімдігі қордаланған мәселелерге қатысты мардымды жауап бермеді. Апатты үйлер бойынша ресми өтініш түспеді - деп ақталды. Ал ауылда дәрігердің жоқтығын халық санының аздығына байланысты  - деп түсіндірді.

БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМДІГІ:

Шөптікөл ауылында маман тапшылығына байланысты медициналық пункт жоқ. Ауылда 45 адам ресми медициналық тіркеуде тұр. Ауыл тұрғындарына Майкөбе ауылынан мамандар келіп қызмет көрсетеді. Майкөбе ауылында жедел жәрдем көлігі бар, шақырту түссе, қажетті медициналық жәрдем жасалады. Бұдан бөлек айына 1-2 рет Майқайың кентінің учаскелік дәрігері арнайы барып, тұрғындарды қабылдайды.

Әкімдік Шөптікөл ауылын көшіру жоспары жоғын айтады. Ауылдың инфрақұрылымдық жағдайын жақсартуға көңіл бөлеміз - деп сендерді. Ал көк түтінге тұншыққан, болашағы бұлыңғыр ауылға  қомақты қаражат жұмсау қазына қаржысын ысырап етпей ме? - деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа  аудан атқамінерлері әзір жауап қатпады.