$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстанда мемлекеттік мүлікті жекешелендіру тек ашық сауда-саттық арқылы ғана жүргізіледі

Қазақстанда мемлекеттік мүлікті жекешелендіру тек ашық сауда-саттық арқылы ғана жүргізіледі
gov.kz

Қазақстанда мемлекеттік мүлікті есепке алу, жалға беру және жекешелендіру бойынша барлық процесс автоматтандырылып, электрондық форматқа көшірілді. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков мәлімдеді. Ол жыл сайынғы Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі ұлттық баяндаманың ашықтықты қамтамасыз етудің маңызды құралы екенін атап өтті.

2025 жылы жекешелендіру процестерінің ашықтығын арттыру мақсатында заңнамалық деңгейде жекешелендірудің бәсекелестіктен тыс түрлері алып тасталды. Оның ішінде тікелей атаулы сату және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру бар.

«Осылайша, мемлекеттік мүлікті жекешелендіру тек қана e-qazyna веб-порталында ашық сауда-саттық арқылы жүзеге асырылады», –  деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында белгіленген цифрландыру шараларын іске асыру шеңберінде Комитет функцияларын цифрлық трансформациялау бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Бүгінгі таңда Мемлекеттік мүлік тізілімі арқылы мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру, сыйға тарту шарттары бойынша мемлекеттің мүлікке құқықтарды иемдену процестері автоматтандырылды және сол арқылы жүзеге асырылуда. Бұл әкімшілік рәсімдердің мерзімін қысқартуға және олардың барынша ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Биыл Комитеттің тағы 9 негізгі функциясын автоматтандыру жоспарда бар. Осылайша, шешім қабылдау мерзімдерін айтарлықтай қысқарту, артық рәсімдерді алып тастау және тиісті процестердің ашықтығын қамтамасыз ету көзделген.