$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Төреші балағаттаған: «Елімай» мен «Ордабасы» матчынан кейін дау шықты

15.06.2026ж. 23:43
Төреші балағаттаған: «Елімай» мен «Ордабасы» матчынан кейін дау шықты
Фото: kazfootball.kz

«Елімайдың» бас бапкері Андрей Карпович матчтан кейін төрешінің жұмысына қатысты мәлімдеме жасады,- деп жазады 1Бол!

 

Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры аясында өткен «Елімай» мен «Ордабасы» арасындағы кездесуден кейін төрешілікке қатысты үлкен дау туындады. Семейде өткен матчта шымкенттік клуб 3:1 есебімен жеңіске жеткенімен, ойын аяқталған соң басты назар нәтижеге емес, бас төреші Арман Исмуратовтың әрекеттеріне ауды. Бұл туралы Sports.kz жазды.

«Елімайдың» бас бапкері Андрей Карпович матчтан кейін төрешінің жұмысына қатысты пікір білдіріп, оның өзін және ойыншыларды балағаттап, қысым көрсеткенін мәлімдеді.

Карповичтің айтуынша, матч барысында қабылданған бірқатар шешімдермен келіспеген команда өкілдері төрешіге тек жанкүйерлердің реакциясына назар аударуды сұраған. Алайда бапкердің сөзінше, бұдан кейін төреші тарапынан дөрекі қарым-қатынас болған.

«Мен футболда ұзақ жылдан бері еңбек етіп келемін. Бірақ төрешінің бапкер мен ойыншылармен мұндай деңгейде сөйлескенін алғаш рет көріп тұрмын. Ол мені балағаттады. Мұның куәгерлері де бар. Біз тек жанкүйерлердің наразылығын естіп тұрғанын сұрадық. Алайда жауап ретінде құрметсіздікке тап болдық», – деді Карпович.

Бапкер сондай-ақ төреші матчтан кейін жеке өзіне қатысты қорқыту сипатындағы сөздер айтқанын және қалған маусымда «Елімайға» қысым көрсететінін жеткізгенін алға тартты.

«Егер бұл рас болса, мұндай әрекет футбол қағидаттарына да, спорттық этикаға да мүлде қайшы келеді. Мұндай жағдайларға тиісті органдар назар аударуы тиіс», – деді ол.

Карпович төрешінің әрекеті тек командаға ғана емес, матчқа келген жанкүйерлер мен өңір тұрғындарына деген құрметсіздік деп бағалады.

«Елімай» ойыншылары да бапкердің сөзін қолдады. Команданың жартылай қорғаушысы Жан Әли Пайруз төрешінің матч барысында футболшылармен дөрекі сөйлескенін айтып, мұндай жағдайды алғаш рет көріп отырғанын жеткізді.

«Бізде алғаш рет Қазақстанға келіп ойнап жүрген шетелдік футболшылар бар. Олар қазірдің өзінде таңғалып отыр. Өз басым футболда 20 жылдан астам уақыт жүрмін, бірақ төрешінің ойыншыларды балағаттап, бапкермен осылай сөйлескенін бұрын-соңды көрген емеспін», – деді Пайруз.

Оның айтуынша, төреші ойын барысында кейбір футболшыларға ағылшын тілінде де дөрекі сөздер айтқан.

Әзірге Қазақстан футбол федерациясы мен төрешілер комитеті бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.