$530.24 €543.97 ₽5.16
×

Елімізде қарттар сауығатын орталық жұмысқа кірісті

AstanaTV
18.02.2016ж. 20:00
3540
Елімізде қарттар сауығатын орталық жұмысқа кірісті

Алматыда қарттарға арналған ерекше орталық ашылды. Жұмысбасты адамдар ата-аналарын күндіз зейнеткерлер балабақшасына әкеліп, кешке алып кете алады. Әзірге ресми атауы жоқ, дегенмен өз араларында қарияларға арналған сауықтыру орталығы деп атап жүр. Мұндағы медбикелер болса, күндізгі стационар деген балама атау қойған. Себебі орталықтағы қариялардың денсаулығына жіті мән беріледі. Айгүл Ермахан әңгімелейді.

90 жасқа аяқ басқан Зейнеп әжейді балалары таңғы 8-де қарттарға арналған сауықтыру орталығына әкеледі. Өйткені қария балалары жұмысқа кеткенде үйде  жалғыз қалады. Зейнеткерге де мұндағы өмір ұнапты. Қазір жіп пен бізді қайта қолына алып, тоқыма тоқуға кіріскен.

Зейнеп Айдарова:

Қандай тапсырма береді соны жасаймыз. Тамақтары тоқ, жақсы береді. Тұрмысымыз жақсы, қасымыздағы балалар, қыздар бізді сыйлайды, қарсы сөз айтпаймын ешқайсысына. Өздері де сыйлап, мәпелеп отырады.

Орталықта тура балабақшадағыдай кесте бар. Таңертең қан қысымы тексеріліп, ізінше дене шынықтырылады. Таңғы ас ішіп, кітап оқиды. Дұрыс тамақтануға да көңіл бөлініпті. 

Раушан Әмірханова, медбике:

Тамақтың бәрі бізде буланған, асылған. Қуырылған тамақ бермейміз. Өйткені ол кісілердің асқазаны ауыруы мүмкін. Тамақ жақсы ішкен кісілерге, кішкене көңіліді болсын деп, біз 5 деген баға қоямыз. Бұл кісілерді қабылдар алдында туысқандарынан психоневрологиялық учетта тұр ма, тұрған жоқ па деген, терапевтінен денсаулығы туралы справка аламыз.

Бұл орталықтың ашылғанына екі апта болыпты. Мұнда қазір Зейнеп ападан басқа Надежда әжей бар.

Айгүл Ермахан, тілші:

Надежда ананың да бойында қарттыққа тән сырқат бар. Қазір жасағанын тез-ақ естен шығарады. Сондықтан мұндағы мамандар  қарттарды пайдалы іске баулиды. Мысалы, былай сурет салу саусақтарды жаттықтырып, ми жұмысын жақсартуға септігін тигізеді екен.

Дегенмен мұндағы қызмет ақылы. Ай сайын 60 мың теңге. Мекеме 15 адамға шақталған. Басшылық келешекте шеберлік сабақтарын өткізіп, жасалған бұйымдарды жәрмеңкелерге қоямыз деп жоспарлап қойыпты. 

Сая Асанова, жоба авторы:

Далаға шығып, үйіне қайтар жолды таба алмай қалатын жағдай болады. Сондықтан біз ұсынып отырған орталықтар  қажет. Бұл балабақшаны қарттар үйімен шатастыруға болмайды. Елдер ойлауы мүмкін, ата-анасынан бас тартқандар осында әкеліп өткізеді деп, мүлде олай емес. Керісінше, біз оларға күндіз қолғабыс етеміз. Ал, кешкісін үйлеріне оралады. 

Жоба авторы мұндай орталықтар батыс елдерінде кеңінен қолданылады деп отыр. Жұрт жаңашылдыққа оң көзқарас танытып отыр.

Әрине, жұмыс басымен көп адамдар ата-анасын қарай алмай жатқаны бар, қарттар үйіне өткізбегеніне тәуба дейміз.

Егер жалғызбасты қалған адам болса, оны мен дұрыс деп есептеймін, өйткені онда тамағын уақытымен береді. Ұйқысын, денсаулығын қарайды.


Жоба авторы бұл бастама қаладағы қарттар үйінің санын азайтады деген сенімде.

Айгүл ЕРМАХАН