Соңғы бірнеше жылда алғаш рет Қазақстан өңдеуші өнеркәсіптің өсу қарқыны бойынша жақсы нәтижеге жетті. Төрт айдың қорытындысы еліміздегі өндіріс индексінде 110 пайызды, яғни, жоғары динамика көрсетті. Бұл нәтиженің басты себебі, біздің тек шикізатқа емес, қосылған құны жоғары өнім мен қымбат машина жасау саласына жасаған негізгі бәсіміз болып отыр.
Қазақстан соңғы бірнеше жылда алғаш рет өңдеуші өнеркәсіптің өсу қарқыны бойынша Өзбекстанды шаң қаптырды. Осы уақытқа дейін көрші ел алда келе жатқан еді, бірақ биыл біздің зауыт-фабрикалар рекордтық жылдамдықпен алға суырылып шықты.
САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
Бүгінгі күнде ЕАЭО шеңберінде осындай ауыр машина жасау, жаңағы көлік машина жасау, темір жол машина жасауы, вагондар салу мәселесінде рельстер шығару дейміз бе, осындай мәселелерге өте көп көңіл бөлініп жатыр.
Статистикаға сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанның өңдеуші кәсіпорындары 10 триллион теңгеден астам, яғни 20,6 миллиард доллардың дайын өнімін шығарды. Бізде машина жасау саласы жалпы өндірістің салмақты бөлігін иеленіп отыр. Бұл отандық автоөндіріс, теміржол техникасы мен ауыл шаруашылығы жабдықтарының нарықты жаулап жатқанының дәлелі.
ӘСЕТ НОҒАЙБАЕВ, КӘСІПОРЫН ИЕСІ:
Отандық тігін өндірісі қазір жаңа деңгейге шықты. Біз жай ғана мақта шикізатын сатуды қойып, әлемдік стандартқа сай дайын киім шығаруға, жоғары технологиялық фабрикалар ашуға көштік. Нарықтағы бос орындарды өзіміз игеріп жатырмыз.
Қазақстан мен Өзбекстанның индустриялық даму жолы ұқсас болғанымен, біздің ел қазір сапалы әрі қымбат өнім шығару жағынан көш бастап тұр. Шикізатқа тәуелділіктен арылу бағытындағы бұл қадам аймақтағы экономикалық бәсекені жаңа деңгейге шығарды.