«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады. Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» сынды 10 номинация бойынша өтеді. Оған 35 жасқа дейінгі халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары мен қоғамға белгілі бір үлес қосып келе жатқан дарынды жастар қатыса алады. Құжат қабылдау 17 қыркүйекке дейін жалғасады. Айта кетейік, «Дарын» жастар сыйлығын бұған дейін 380-нен астам азамат түрлі салада жүріп иеленген.
БІРЖАН ӘЛІМЖАНОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ ЖАСТАР ЖӘНЕ ОТБАСЫ ІСТЕРІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Сыйлық алуға ұсынылған үміткерлер арнайы құрылған комиссия арқылы қаралады. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде өтінімдер салалық секция деңгейінде жан-жақты зерделенеді. Екінші кезеңде комиссияның қорытынды шешімі қабылданады.